Ауыл шаруашылығы

Жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, бөдене бағатын зейнеткер

Лидия Закированың ең сүйікті ісі – бөдене өсіру. 71 жастағы зейнеткер бұл шаруаны осыдан 3 жыл бұрын тұрақты хоббиіне айналдырыпты. Жұмысты бастамас бұрын біраз уақыт зерттеу жүргізіп, тәжірибе жинақтаған екен. Себебі, құстың бұл түрі ерекше күтімді қажет етеді.

Лидия Закирова – Смирново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

Күніне 2 рет су, 3 рет жем беремін. Бөдене – тамақты талғап жейтін құс. Бірде дәндерді үгітіп беріп едім, жемей қойды. Содан бері жемді тек қаладан арнайы тапсырыспен алдыртамын. Суыққа да төзімсіз. Ауа температурасы 10 градустан төмендеп кетсе, жаурап, артынша ауырып қалуы мүмкін. Ал, бөденені емдеп алу – өте қиын шаруа.

Есесіне, қанаттының еті мен жұмыртқасы дәруменге өте бай. Артық салмақтан арылғысы келген жандар үшін таптырмас тағам. Зейнеткер үйінің алдындағы бақшасымен де таныстырды. Ауылдағы тұрғындардың басым бөлігі Лидия Закирова сияқты бағбаншылықпен айналысып, қысқа өздері өсірген өніммен қамданады екен. Аулада керектінің бәрі бар. Картоп, пияз, сәбіз, қызанақ, кәді, қияр сынды көкөністің түр-түрі өсіп тұр. Тіпті, қауын мен қарбыз да бар.

Бағбаншы қауын-қарбызбен шектеліп қалмаған. Жеміс-жидектің басқа да түрлерін өсіруде. Үйдің келесі жағында алмұрт ағашы жайқалып тұр. Өкінішке қарай, биыл аталған өнім жылдағыдан аз екен. Бұған ыстық себепші. Есесіне, жүзімнің өнімділігі көңіл қуантады.

Лидия Закирова – Смирново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Бақшама кірген кезде жаным жай тауып, демалып қаламын. Мұнда өзім өсірген дәмі тіл үйіретін жеміс-жидек пен көкөністер де, иісі мұрын жаратын гүлдер де бар. Бәрі өзім армандағандай.

Еңбекқор нәзікжанды көкөністердің бір бөлігін жинап алып, қысқа тұздеп қойыпты. Сүйікті немерелеріне арнап жеміс-жидектердің қоспасын да дайындаған екен.

Маржан Касымбек