Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Жас азамат” және “Жұмағали Тілеулин” кітаптары жарық көрді

“Қолдан мал, бастан ерік кетті. Ел таланды, шабылды, ашықты. Ер азамат қанға батты. Халық қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті”. Бұл 20-шы ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақ даласының көрінісі. Мұндай сипат “Жас азамат” газетінің алғашқы санында берілген. Мерзімді баспасөз 1918-дің 30-шы шілдесінде алғаш рет қалың оқырман назарына ұсынылды. Петропавлдың қақ ортасында шығарылған газет отаршылдық езгіге қарсы тұрып, бостандық пен теңдікті, өзінің Ақ Ордасын, яғни мемлекетін аңсаған Алаш қозғалысының тынысын баяндады.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің тарихын сипаттайтын “Жас азамат” газеті кеңінен зерттеліп, азаттық үшін күрестегі қуатты күш екені дәлелденді. Басылымда солтүстік өңірден шыққан Алаш қайраткерлері, С.Сәдуақасов, Ж.Тілеулин, М.Жұмабаевтың мақалалары басылып шықты.

Жаз азамат газетінде ақын М.Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін!” өлеңінің де тұсауы кесілді. Туынды басылымның 1918 жылдың 18 тамызында шыққан санында жарық көрген. Өкініштісі сол – мерзімді баспасөз ғұмыры ұзаққа созылған жоқ, тірлігі 22-ші санынан кейін тоқтады. Газет бүгінге дейін Алматы қаласындағы архивтердің бірінде сақтаулы. СҚ мемлекеттік архив директоры мен академик Зарқын Тайшыбай газеттің түпнұсқасын тауып, жазбалардың барлығын кириллицаға аударыпты. Еңбек тұсауы кесіліп отырған “Жас азамат” атты кітапқа жиналған. Солтүстікқазақстандықтардың назарына “Жұмағали Тілеулин” кітабы да ұсынылды.

Сәуле Мәлікова, СҚ мемлекеттік архивінің директоры:

– Жұмағали Тілеулин – СҚ өңірінің тумасы. Айыртау ауданында дүниеге келген. Омбыда білім алып, жұмысын дәрігерліктен бастады.

Бірақ, біртуар тұлғаны тек ақ халатты абзал жан деп қарастыруға болмайды. Жұмағали Тілеулин 1922 жылы Қызылжар қаласындағы мұғалімдер курсын, кейін педагогикалық техникумды басқарған. Қазақ оқушыларына арнап медицина тақырыбындағы бірқатар кітаптарды орыс тілінен аударыпты.

Сәуле Мәлікова, СҚ мемлекеттік архивінің директоры:

– Осындай азаматымыз Қазақ автономиясының тапсырмасы бойынша бастауыш және орта буын оқушыларына арнап “Гигиена” оқулығын шығарды. 1927 жылы бұл кітап қайта басылып шықты. Көптен іздеп, араб графикасында жазылған кітапты облыстық Семей кітапханасынан таптық. Оны кирилл әріпіне аударып, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Ағартушылық қызметпен бірге ол Алаш қозғалысына да атсалысып, бостандық үшін күресті. Алайда, белсенділігі мен қайсарлығы Кеңес билігіне жақпай, бірнеше мәрте тұтқындалған. Ал 1938-дің ақпанында ату жазасына кесілді. Қайраткердің тұлғасы бүгінге дейін әлі толық ашылмаған болатын. “Жұмағали Тілеулин” кітабында дәл осы ақтаңдақ беттер қайта жазылды. Сиясы әлі кеуіп үлгермеген туындылармен солтүстікқазақстандықтар С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында таныса алады.

Эльмира Садвокасова