Қоғам

Президенттік жастар кадр резервіне кезекті мәрте іріктеу ұйымдастырылмақ

Президенттік жастар кадр резервіне кезекті мәрте іріктеу ұйымдастырылмақ! Естеріңізде болар, алғашқы конкурс осыдан 2 жыл бұрын өткізілген еді. Онда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 300 жас іріктеліп алынды.

Бүгінгі күні бағы жанған азаматтардың 184-і ел мүддесі жолында еңбек етуде. Оның екеуі – солтүстікқазақстандық. Биылғы байқау қыркүйектің 1-і күні бастау алмақ. Үстіміздегі жылы көкірегі ояу, көзі ашық 50 азаматты резервке алу жоспарланып отыр. Талап қатаң. Өз мүмкіндігін тек жастары 35-тен аспаған, жоғары білімі және кем дегенде 5 жылдық еңбек өтілі бар отандастарымыз сынай алады. Оның үстіне мемлекеттік, яғни қазақ тілін міндетті түрде білулері шарт. Құжаттарды үміткерлер 30-шы қыркүйекке дейін жіберулері тиіс. Кейін, 5 сатылы сынақ ұйымдастырылмақ. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде айтылды. Сөз алғандар жаңашылдықтарға да тоқталды. Биыл қатысушылардың әрқайсысында электронды поштадан бөлек, электрондық сандық қолтаңба да болуы қажет екен. Жеке кілт порталға тіркелуге, тиісті тапсырмаларды орындау, сұрақ қою кезінде қолданылады.

Лаура Қайыржанова, СҚО бойынша ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры:

– Үміткерлерде көптеген сұрақтар туындауы мүмкін, сондықтан да сапалы кеңес беру өте маңызды. Осыған байланысты, электрондық пошта құралы бойынша кеңес беруден басқа кез келген адам хабарламаны порталдың өзінде қалдыра алады. Хабарламалар арнайы бөлінген консультанттарға жіберілетін болады. Қолдау жұмыс уақытында қол жетімді болады, тестілеу күндері қолдау тәулік бойы жұмыс істейді. Біздің облысымыздың жастары осы іріктеуге қатысуда белсенділік танытқанын қалаймын және барлық қатысушыларға табыс тілеймін!

Байболат Култанов