Өнеркәсіп

“Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік бекетіндегі өзгерістер

Мынадай әрбір резервуардың биіктігі 12, диаметрі 23 метрді құрайды. Қарапайым тілмен айтқанда, көлемі 4 қабатты үймен бірдей. Ал, сыйымдылығы 5 мың тонна дизельді отынға шақталған.

Сергей Ваньковский, “Транснефть – Урал” АҚ “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінің басшысы:

– Біздің бекетте мұндай 9 резервуар бар. Біз оның екеуін ауыстырдық. Алдағы уақытта іске қосатын боламыз. Тағы бір резервуар бойынша жұмыстар аяқталуға жақын, ол келесі жылы қолданысқа тапсырылады. Сондай-ақ, 2027 жылға дейін 5 резервуарды толық қайта қалыпқа келтіруді көздеп отырмыз

“Петропавл” бекетінің негізі өткен ғасырдың 50-ші жылдары қаланыпты. Құрылған бетте кәсіпорын мұнай өнімдерін темір жол цистерналарына құюмен айналысқан. Ұзақ жылдар бойы өндіріс ошағы мұнай өнімдері тасымалданатын құбыр жүйесінің маңызды бөлігі болып есептелінеді. Бүгінде дизельдік отын Омбысынан жеткізіліп, құбыр арқылы Уфаға жөнелтіледі. Атап өту қажет, бекет – ресейлік «Транснефть» құбыр компаниясы нысандарының бірі. Алайда, мұнда еңбектенетіндердің басым бөлігі – солтүстікқазақстандықтар.

Әрбір резервуарда 115 тоннадан аса металл құрылымы ауыстырылды. Бұл – атқарылған істің тек бір бөлігі. Мұнда аумағы 3 мың шаршы метр болатын жерге арнайы экран төселген. Жаңашылдықтың арқасында мұнай өнімдері топыраққа сіңіп, жерасты суларына өтіп кетпейді. Резервуарлар автоматтандырылған жүйеге қосылып, трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылыпты. Қысқасы – бұл жердегінің барлығы жоғары заманауи стандартқа сай жасалған.

Максим Медведев, “Транснефть – Урал” АҚ “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінің инженері:

– Бұл резервуарлардың артықшылығы көп. Соның бірі – заманауи деңгей өлшегіш. Құрылғы мұнай өнімінің деңгейі мен температурасын қашықтықтан анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа сынама алғыштың арқасында сараптамалардың дәлдігі артады, яғни қызметкерлерге бұрынғыдай резервуардың төбесіне шығу қажеттілігі туындамайды. Жаңа қондырғылар бекетте оперативті түрде мұнай өнімдерін есепке алуға арналған «Резервуарлық парк» жобалық-техникалық кешенін ендіруге мүмкіндік беріп отыр.

Бекетте өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Қос резервуар да автоматтандырылған өрт сөндіру жүйесіне қосылған. Ол үшін ұзындығы 3 шақырым болатын арнайы құбыр тартылыпты. 150 тонна суға арналған резервуар салынып, дабыл қағу мен қызметкерлерді эвакуацияландыру жүйесі орнатылған. Петропавл бекеті мұнай өнімдерін қауіпсіз және үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмай, жаңғырту жұмыстарын әрмен қарай жалғастырмақ.

Садвокасова Эльмира