ТКШ

Қала автобустарында электрондық билеттеу енгізілуде

Жолаушы картасын қала бойынша 5 нүктеден алуға болады. Ол: Тайга базары, Караван дүкені, Достық мол сауда-ойын-сауық орталығы, вокзал маңындағы диспетчерлік қосын мен Автокөлік одағының кеңсесі. Сатып алғаннан кейін картада көрсетілген сандарды 2505 нөміріне СМС арқылу жіберу қажет. Осылайша, ол іске қосылады. Яғни, қолданысқа жарамды болады. Алайда, карта төлем жасаудың жалғыз амалы емес.

Бауыржан Құсайынов, “Alem Pay” ЖШС Петропавл қалалық филиалының директоры:

– Жол ақысы үшін есеп айырысу кезінде кез келген банк картасын қолдануға болады. Егер екі-үш адамға төлегіңіз келсе, онда кондукторды ескертесіз. Маман қажет соманы терминалға енгізеді. Ал, жолаушы картасымен тек бір адамға төлем жасауға болады. Бұл кездейсоқ екі рет шығындалмас үшін жасалған.

Сондай-ақ, онлайн банкинктердегі QR-кодты пайдалану арқылы да төлем жасауға болады. Автобуста көрсетілген сандарды арнайы нөмірге жолдап, яғни СМС-пен төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Қолма-қол ақша да айналымнан шықпайды. Бірақ, үйреншікті тәсілмек есеп айырыссаңыз жол ақысы 130 теңгені құрамақ. Ал, карта немесе QR кодпен бұрынғыдай тек 80 теңгеге шығындаласыз.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– 7-ден 15 жасқа дейінгі балаларға әзірге электрондық билеттеу жүргізілмейді. Олар жол ақыға бұрынғыша 40 теңге төлейтін болады. Айта кететін жайт, егер жол ақыға төлеу барысында терминалдар істен шығып қалса, онда жол ақысы тегін болады. Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдері тегін қатынайтын болады. Тізім жасалды. Ол шамамен 10 мыңға жуық адам.

Жаңа жүйе Петропавлдағы қоғамдық көліктерде қыркүйектің бірінен бастап іске қосылмақ. Жаңашылдық автобустардағы жолаушылардың ағынан анықтауға септеспек.

Эльмира Садвокасова