COVID-19: Қазақстан

Облыстағы ХҚКО мамандарының 77 пайызы вакцина алды

Мемлекеттік қызметтердің денін бүгінде онлайн форматта алуға болады. Десе де халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылатын жерлестеріміздің қарасы қалың. Әуезов көшесінің бойында орналасқан №1-ші бөлімшеге күніне мыңға жуық адам келеді екен. Бірі жеке куәлік сынды құжаттарды рәсімдейді, екіншілері қажетті анықтамаларын алады. Ержан Капаров “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалында 3 жыл қызмет етіп келеді.

Ержан Капаров, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының маманы:

– Мен тұрғындарға әлеуметтік салалар бойынша құжаттарды рәсімдеуге көмектесемін. Күніне 100 шақты адамға қызмет көрсетеміз. Сондықтан, екпе егу науқаны басталғанда ойланбастан вакцина алдым. Маусым айында толық иммундау шарасынан өттім. Бұл – біріншіден, өзімнің, екіншіден жақындарым мен өзгелердің амандығы.

Бастаманы Ержанның өзге әріптестері де қолдаған. №1-ші бөлімшедегі 60-қа жуық қызметкердің басым бөлігі толық иммундау шарасынан өткен. Мұндай көрсеткішке облыс аумағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының барлығы қол жеткізіп отыр.

Жәнібек Қамбаров, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директоры:

– Бүгінгі күні филиалдағы қызметкерлердің саны – 684 адам. Оның ішінде 532 адам вакцина алды, бұл – қызметкерлердің жалпы санының 77 пайызы. 100 қызметкерде медотвод бар. Негізінен біздің қызметкерлеріміз “Спутник V” және “Hayat” вакциналарын алды.

Иммундау шарасынан мемлекеттік қызмет алуға келген жандар да өте алады. Яғни, емдеу мекемелеріне барудың қажеті жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығында екпе егу қосыны мамыр айының басында ашылған. Мұнда №2 қалалық аурухананың дәрігерлері күнделікті жүздеген адамды тексеруден өткізіп, вакцина қояды екен. Пункт таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді.

Эльмира Садвокасова