МТРА жаңалықтары

Құтқарушылар кезекті рейд шарасын өткізді

Тамыз айы теріскейліктерді таң қалдырып тұр. Әдетте, бұл уақытта солтүстікте ауа райы салқындап, қоңыр күздің лебі сезілетін. Биыл керісінше, бірнеше күннен бері сынап бағанасы 25-30 градустан төмен түсер емес. Мұны кейбір петропавлдықтар тиімді пайдалануда. Олар Пестрое көлінің жағасына жиналып, шуағын молынан төккен күнге қыздырынуда, суда шомылуда. Ал, табиғат аясында тыныққанда қауіпсіздік ережелерін міндетті түрде білу қажет. Құтқарушылар демалыс орнына кезекті мәрте келіп, осыны еске салды, жаднама қағаздар таратты.

Солтүстік Қазақстан облысында суға түсуге болатын 58 орын болса, соның бірі – осы Пестрое көлі. Мұнда арнайы тақтайшалар қойылған, шомылу аумағы белгіленген, бақылау күшейтілген. Демалушылар болса, тиісті ережелерді бес саусақтау білеміз деп отыр.

Елена Кручинина, қала тұрғыны:

– Мынандай ыстықта үйде отыру мүмкін емес. Суға түсіп, салқындау үшін осында келдік. Өзім жүзе алмаймын. Сондықтан терең жерге бармай, жағада шомыламын. Ережелермен жақсы таныспын. Алкогольдік ішімдік ішіп, суға түсуге болмайды. Мұны әрбір адам білуі қажет.

Балаларды да қараусыз қалдырмау қажет. Су қателікті кешірмейді. Жыл басынан бері 21 адам өзен-көлдерде ажал құшқан. Оның алтауы – бала. Өткен жылғы статистиканы да тілге тиек етейік. Былтыр осы уақытта 9 солтүстікқазақстандық су айдындарына батып, бақилық болыпты.

Мұрат Қанғожинов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Көз жұму фактілерінің барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде тіркелді. Абай болыңыздар! Біз қазір мұндай рейдтік шараларды күн сайын өткізудеміз. Өзен-көлдерді аралап, тұрғындарға әрбір адам білу қажет ережелерді баяндаймыз.

Айта кетейік, адамдар рұқсат етілмеген жерде шомылса, ескерту жасалады. Ал, масаң күйде суға түсу фактісі тіркелсе, хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Байболат Култанов