ТЖ

Есіл ауданында 11 жастағы бала суға батып кетті

Жаға ұстатарлық жағдай Есіл ауданына қарасты Николаевка ауылында орын алды. 11 жастағы бала ата-анасының рұқсатынсыз өзі жалғыз жақын маңдағы көлге балық аулауға барған. Сол жерде шомылған екен. Өкінішке қарай, жағаға қайтып шықпаған. Жеткіншектің денесін жергілікті тұрғындар кешкі 5 кезінде судан алып шықты.

Брифинг барысында құтқарушылар өртке қатысты жағдайды да баян етті. Тамыздың 22-сі күні Қызылжар ауданында 5 жерде тілсіз жау бас көтерген. Алдымен түнде Бескөлдегі жеке тұрғын үй маңындағы монша отанқа оранған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді. Қызыл жалын дұрыс жабдықталмаған пештен шыққан. Сол себепті баспана иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аслан Ахметжанов, Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:

– Ал, келесі жағдай таңғы 6-да Якорь елді мекенінде тіркелді. Мұнда да монша жанып кетті. Бір сағат өтпей Знаменское ауылында 3-ші өрт оқиғасы орын алды. Қызыл жалын тұрғын үйдің пешінен шықты. Салдарынан баспанаға жапсарлас салынған 2 қора, 2 гараж, 2 монша, Toyota маркалы автокөлік, 30 торай мен 500 тауық өртенді. Үй иелері қауіпсіз жерге уақытылы шығып үлгерді.

12:20-да Петерфельдте кір жуу кешені өртенді. От нысанның 280 шаршы метрін шарпыды. Жалын электр сымдарының қысқа тұйықталуынан пайда болыпты.

Аслан Ахметжанов, Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:

– Бір сағат өтпей Бескөлде тағы бір оқыс оқиға орын алды. Бұл жолы азық-түлік дүкендерінің бірінен өрт шығып, қабырғасы мен тоңазытқышы жанып кетті. Алдын ала болжамға сәйкес, тоңазытқыштың сымдары қысқа тұйықталуға ұшыраған. Қазір жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.

Жалпы, Қызылжар ауданында жыл басынан бері 65 өрт оқиғасы болған. Салдарынан 5 адам қаза тауыпты. Тағы, 6 тұрғын түрлі дене жарақатын алған.

Маржан Касымбек