Құқық қорғау органдары

Биыл “102” желісіне 94 мың қоңырау түскен

Жыл басынан бері “102” желісіне 94 мың қоңырау түскен. Оның 20 мыңнан астамы жедел әрекет етуді талап еткен. Облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, теріскейлік құқық қорғаушылар орташа есеппен күніне 500-ге дейін хабарлама қабылдайды. Шақыртулардың саны жұма, сенбі және жексенбінің кешінде біршама артатын көрінеді.

Отбасылық жанжал, түнгі тыныштықты бұзу, жол-көлік апаты. Көбінесе өлкемізде осындай жайттар орын алады екен. Жазғы уақытта ойын-сауық мекемелерінен шақыртулар да жиілеген. Мамандар соңғы 2 күннің ішінде дәмханаларға телефон ұрлығы мен мас күйдегі меймандардың дау-дамайлары бойынша бірнеше рет барыпты. Заң бұзушылардың бет-бейнесін анықтауда бейнебақылау құралдары көп көмегін тигізуде. Бүгінгі таңда облыс орталығында 400-ден астам камера бар. Олардың көмегімен жыл басынан бері 10 мың әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстарды ашуға ықпал ететін 114 факті тіркеліпті.

Байболат Култанов