МТРА жаңалықтары

Алғашқы студентке «1С: кәсіпқой» сертификаты табысталды

«1С: кәсіпқой» орталығы. Мұнда студенттер өз мамандықтарының қыр-сырын тереңірек меңгереді. Сабақтардың барлығы – тегін. Қазақстан бойынша аталған орталықтың саны – 13. Оның екеуі Петропавлда орналасқан. Қозыбаев университетіндегі білім беру орны оқу жылының соңына таман ашылды.

Майра Валиева, Қозыбаев университеті экономика және есеп кафедрасының оқытушысы:

– Университеттегі орталық мамырдың 5-і күні ашылды. Жұмысын шілденің 1-і күні бастады. Мұнда курстарды тәжірибелі 4 оқытушы өткізеді. Менің ойымша, мұндай ұйымдардың маңызы зор. Болашақ мамандар теориялық және практикалық білімдерін арттырып қана қоймай, қолданбалы кәсіби дағдыларын да дамытулары керек. Бұл – заман талабы.

Білікті мамандар өткізген курстарға Александра Евтихова қатысыпты. 2-ші курс студенті “Қаржы” мамандығы бойынша білімін толықтырған. Бойжеткен оқыту соңындағы сынақтан сүрінбей өтті. Бүгін оған арнайы сертификат табысталып отыр.

Александра Евтихова, Қозыбаев университетінің студенті:

– Алғашқы сабақтарды жергілікті серіктестіктердің бірінде оқыдым. Кейін мені университетке жіберді. Мұнда білімімді арттыруға тиісті жағдай жасалған. Оқытушыларымның айтқанын миыма тоқып, тәжірибе жүзінде іске асырдым. Көп дүние үйрендім.

Александра мұнымен тоқтап қалмақ емес. Таудай талапты студент «1С: кәсіпқой» жобасы аясында білімін әрі қарай да арттыруды көздеп отыр.

Маржан Касымбек