МТРА жаңалықтары

Петропавлда сенбілік өтті

Петропавлда «Экологиялық бақылау» жобасы аясында сенбілік өтті. Волонтерлер мен қаламыздың тазалығына бей-жай қарамайтын өзге де жандар сенбі күні Пестрое көлінің жағасына жиналды. Бұл жерді жерлестеріміз бекерден-бекер таңдамаған. Мұнда келушілердің кейбірі демалыс қағидаларына жүрдім-бардым қарайтын сияқты. Аумақта күл-қоқыс шашылып жатыр.

Соны ыстыққа қарамастан жоба қатысушылары жинап, екі контейнерге бөліп салуда. Біреуі қайта өңдеуге жіберілсе, екіншісіндегі заттар полигонға төгілмек. Іс-шара бірнеше сағатқа созылды. Нәтижесінде пайдаға жаратуға болатын 89 қап дүние жиналды. Ал, 25 қап қала сыртына жөнелтілді. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар еріктілердің санын арттырып, Есіл өзенінің жағасын тазартпақ ниетте. Айта кету қажет, бұл бастамаға кез-келген жан қатыса алады.

Азат Жұмағұл, “Экологиялық бақылау” жобасының үйлестірушісі:

– Біздің облыста бөтелкені, канистрді, полимерлік заттарды өңдеуге болады. Бүгін аталған дүниелерді жинап, арнайы кәсіпорынға жібереміз. Ол жерде қалдықтардың барлығы іске жаратылмақ. Бұндай іс-шараны айына екі рет өткіземіз деген жоспарымыз бар. Бізге қосылам деуші жандарды құшақжая қарсы аламыз. Өзіміздің ватсап тобымыз да құрылған. Сол жерде жоспарларымызбен бөлісіп отырамыз.

Алдияр Айтпаев