Білім

Өңірдің бас ұстазы өткен оқу жылын қорытындылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облысымыздың бас ұстазы Гүлмира Кәрімова өткен оқу жылын қорытындылады. Былтыр шағын-жинақты 354 мектеп жұмысын офлайн форматта жалғастырған болатын. Оқушылар карантиндік талаптарды қатаң сақтай отыра білім алды. 120 оқу ошағының шәкірттері болса тапсырмаларды қашықтықтан орындады.

Басым бөлігі – қала мен аудан орталығының ұл-қыздары. Сондай-ақ, 2 мәрте «жазғы мектеп» ұйымдастырылды. Оларда балалар түсінбей қалған тақырыптарын мұғаліммен бірге тереңірек меңгерді. Ал, алдағы жаңа оқу жылында қандай өзгерістер орын алмақ? Басқарма басшысы бірқатар жаңашылдық енгізіледі дейді. Ең маңызды жаңалық – «Әліппе» қайта оралмақ. Кітап Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленіпті. Сонымен қатар, сабақтардың ұзақтығы қайтадан 45 минут болмақ.

Гүлмира Кәрімова, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Мектеп формасына қатысты талаптарға тоқталайық. Оқушылар білім беру мекемелеріне классикалық стильдегі киіммен келуі керек. Ал, “Алғашқы қоңырау” салтанатына тек 1-ші сынып оқушылары қатысады. 2-ші мен 11-ші сынып шәкірттері үшін сынып сағаттары ұйымдастырылмақ. Санитарлық талаптардың сақталуын мониторингілік топ өкілдері бақылайтын болады.

Маржан Касымбек