МТРА жаңалықтары

Қызылжарлықтар бақша өнімдерін жинауда

Ольга Сергееваның әр күні осылай басталады. Нәзікжанды ояна салысымен қолына су құйғышты алып өзінің шағын бақшасына қарай аттанады. Мұнда ең алдымен қиярды суарады. Көкөністің бұл түрін отбасы мүшелері сүйіп жейді екен.

Кезек – қызанақ пен қызылшада. 20 жылдық тәжірибесі бар бағбан бақшасындағы әр өсімдікті қалай күтіп-баптау керектігін жақсы біледі. Апта сайын сәбіздің арам шөбін жұлып отырмаса оның маңында шырмауық пен тікенді өсімдіктер қаптап кетеді дейді. Арамшөптің тамыры көкөністерді орап алып, өсуіне мүмкіндік бермей қоюы мүмкін.

Ольга Сергеева, Бугровое селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бақшам мен ондағы өсімдіктер – байлығым. Жылда көктемде керектінің бәрін егемін. Картоп пен пиязды да дүкеннен сатып алмаймын, өзім өсіремін. Осылайша, қысқа қамданамын. Биыл қарбыз бен қауынды да еккен едім. Бірақ, шықпай қалды.

Еңбекқор әйел пісіп-жетілген көкөністерді жинап алып, қысқа әзірлеп қояды. Биыл да шамамен 60 литр банкіге қияр мен қызанақты тұздап қойыпты. Жанұя дәмі тіл үйіретін жеміс-жидектердан да қоспа қайнатқан.

Ольга Сергеева үйдегі істі тындырып, бақшасына қараса, күйеуі мал шаруашылығымен айналысқанды жаны сүйеді. Жанұя 4 сиыр бағып отыр. Ірі қараны отбасы жазда жайлауға баратын табынға қосады екен. Отағасы шөп орып, күн ұзаққа мал азығын әзірлейді.

Александр Сергеев, Бугровое селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бугровое селосының маңы шөпке бай. Ауыл тұрғындарының көбі азықты өз күштерімен жинауға қауқарлы. Мен де 2 трактор сатып алғанмын. Бірін пішенді шапқанда қолданатын болсам, екіншісімен тасимын. Биыл шаруаны жылдағы уақыттан аздап кеш бастадым. 1 аптада небәрі жарты телешкі шөп жинай алдым.

Солтүстіктің ауа райы құбылмалы. Бүгін күн ысып тұрса, ертең күтпеген жерден жаңбыр жауып кетуі мүмкін. Осыны ескерген Александр күзге дейін 2 телешкі пішен шауып, қысқа қамданып алмақ ниетте.

Маржан Касымбек