Құқық қорғау органдары

Кинологтар арасында жарыс өтуде

Жарысқа 27 қызметші ит қатысуда. Төрт аяқты көмекшілер әбден үйретілген. Команда берсең болды, айтқаныңды бұлжытпай орындайды. Олар жарылғыш затты әшкерелейді, жоғалған адамды іздейді, жасырылған есірткінің түр-түрін қас пен көздің арасында иіскеп тауып алады.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Қызметші иттердің иесіне үйренгені соншалық, бөтен адамның командасын мүлде орындамайды екен. Қазір біз оны тексереміз. Мәселен, мына иттің аты – Дина. Қазір мен оны өзіме шақырамын.

– Дина, ко мне! Көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай реакция жоқ. Енді иесінің шақырғанын көрейік.

Дина бізге Теміртау қаласынан әкелініпті. Жасы – 8-де. Кинолог маман Әсет Байсүгіров жеті қазынаның бірін күшік кезінен асыраған екен. Төрт аяқты тәртіп сақшаларына есірткі тасымалдаған қылмыскерлерді әшкерелеуге көмектеседі. Бүгінге дейін иісшіл ит 30-ға жуық ауыр қылмыстың бетін ашқан. “Мұндай дәрежеге жету үшін үй жануарын ұзақ уақыт үйретіп, тілін таба білу қажет”,- дейді Әсет Байсүгіров.

Әсет Байсүгіров, 5516 әскери бөлімі кинологиялық қызмет мамандары бөлімшесінің бастығы, Теміртау қаласы:

– Қызметтік иттермен жұмыс жасаған кезде төзімділік керек. Итке ашуланып, оған мінез көрсетудің қажеті жоқ. Жануар болса да адам сияқты бәрін түсінеді. Онымен жақсы қарым-қатынас орнату маңызды. Ең бастысы – бір-біріңе деген сенімділіктің болуы.
Сонда ғана жақсы жұмыс жасай аласыз.

Бүгін сайыстың алғашқы күні. Ережеге сәйкес, иттер қарапайым нормативтерді тапсырулары қажет. Яғни, отыр, тұр, жүгір, дауыс бер деген сияқты командаларды орындайды. Қателесуге болмайды. Бір қателік – бір баллдың шегерілгені. Айта кеткен жөн, жарыс алдында жануарлар ветеринар маманның мұқият тексерісінен. Денесінде қандай да бір жарақат болса немесе ауырып тұрса, сайыс алаңына шағарылмайды.

Дархан Мүслімов, 6637 әскери бөлімі ветеринариялық қызметінің аға нұсқаушысы, Петропавл қаласы:

– Итті жарысқа шығармас бұрын оның азуын тексереміз. Зақым болмауы керек. Сосын оның құлағын қараймыз. Кір болса, құлақ аурулары пайда болуы мүмкін. Кеудесін де қарап, жарақаттың жоқ екеніне көз жеткіземіз.

Кинологтар арасындағы көпсайыс 5 күнге созылмақ. Тәжірибе мен шеберлік анықталатын іс-шараға жергілікті және Қарағанды, Теміртау, Көкшетау, Степногорск және Қостанай қаласының мамандары қатысып жатыр. Алдағы 3 күнде иттер жасырылған адам мен есірткі затын іздеп табудан бәсекелеспек. Ал, соңғы күні әскери қызметшілер мен жануарлардың физикалық дайындығы тексеріледі. Жеңімпаздар «Орталық» өңірлік қолбасшылығының біріншілігіне жолдама алады.

Бердимурат Баймухан