Ауыл шаруашылығы

Аққайың ауданындағы жемшөп дайындау жұмыстары

Мына трактор кешеден бері алқапта жүйткіп жүр. «CLAAS» маркалы техника Германияда жасалған. Өңірімізге биыл әкелінген екен.

Марат Қарымсақов, «Гагарино» ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Үстіміздегі жылдың басында екінші деңгейлі банктердің бірінен 200 млн теңге көлемінде несие рәсімдедік. Алған ақшамызға шабындық жұмыстарына қажетті 4 бірлік техника сатып алдық. Соның бірі – осы трактор. Заман игілігінің көмегімен ісіміз әжептәуір жеңілдеді. Салонда тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Орындығы, рөлі өте ыңғайлы. Кондиционері де бар.

Техника өте тегеурінді. Ол 100 гектар жердегі шөпті 10 сағаттың ішінде шабады екен. Қазір маман судан шөбін оруда. Астық тұқымдас өсімдік құнарлы әрі ұзақ уақыт сапасын жоғалтпайды. Сондықтан оны қыстыгүні серіктестік өкілдері малға береді.

Марат Қарымсақов, «Гагарино» ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Орылған шөп кепкенше дейін алқапта жатады. Шамамен 2-3 күннен кейін басқа техниканың көмегімен жинаймыз. Жіппен байлап, дөңгелек пай жасаймыз. Әзірленген өнім серіктестіктегі малға беріледі. Жалпы, қазіргі күні агроқұрылымда 230 сиыр мен 100-ден астам бұзау бар. Сүт пен етті қаладағы сауда орындарының біріне сатамыз.

Серіктестік өкілдері биыл 400 гектардан астам жерге судан шөбін еккен. Күздің ортасына дейін 4 мың пай әзірлеу жоспарлап отыр. Айта кеткен жөн, бұл мал азығының бір бөлігі ауыл тұрғындарына сатылады. Кәсіпорын дайындаған бумалар жақын маңдағы елдімекендіктер арасында жоғары сұранысқа ие екен. Мәселен, Смирново ауылының тұрғыны Берден Хамзин жылда “Гагарино” серіктестігінің қызметкерлері орған пішенді сатып аламын дейді.

Берден Хамзин, Смирново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– 2 арба сатып алдық. Шамамен 15 мыңдай тұрады. Бұйырған бағамен алдық. 2 сиырым бар. Жетеді.

Қиялы ауылдық округінде «Гагарино» сияқты бірнеше серіктестік бар. Олар 3 ауылдың халқын қолжетімді бағадағы мал азығымен қамтамыз етпек. Жоспар бойынша 2 мың тонна жемшөп әзірлену қажет. Бүгінде маусымдық шаруаның 85 пайызы тындырылыпты.

Фарида Жолдаспаева, Қиялы ауылдық округінің әкімі, Аққайың ауданы:

– Округтегі ірі қараның саны 802 басты құрайды. 2400-ге жуық қой мен шошқа бар. Одан бөлек, 145 бас жылқы мен 13 мыңнан астам құс бағылады. Агроқұрылымдар биыл 15 мың гектар жерге дәнді, 9 мың гектар алқапта майлы дақылдар тұқымын септі. Тағы, 2600 гектарда мал азығы өсірілді.

Жалпы, Аққайың ауданының іскер жандары жылда 23 мың тонна жемшөп әзірлейді екен. Жергілікті агроқұрылымдар маңызды жұмыстың басым бөлігін тамыздың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Маржан Касымбек