COVID-19: Қазақстан

СҚО “қою қызыл аймаққа” енуге жақын

Соңғы екі аптада өңір бойынша коронавирус жұқтырудың 2300-ге жуық жағдайы тіркелді. Шілденің 23-і мен тамыздың 5-і аралығындағы көрсеткішпен салыстырар болсақ, өсім 12 пайызды құрап отыр. Яғни, эпидемиологиялық ахуалдың оңалар түрі жоқ. Соңғы тәулікте ковид-19 диагнозы 171 жерлесімізге қойылыпты. Олардың 85 пайызында дерттің белгілері айқын байқалады.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

-Біздің қызыл аймаққа кіргенімізге бір айдан асты. Алайда, соңғы аптадағы ахуал қою қызыл аймақтың көрсеткішіне сәйкес болып тұр. Егер ауруханалардағы төсек-орынның толымдылығы 70 пайыздан асса, өңір аумағында барлық қызмет түрлеріне толық локдаун енгізіледі. Сондықтан, тұрғындардан санитарлық нормаларға бей-жай қарамай, маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты ұстануларын сұраймын.

Ақ халаттылар мен санитар дәрігерлерді өлкедегі вакцинация қарқыны да қынжылтып отыр. Шілде айында тәулігіне 3-4 мың адам екпе алса, бүгінде көрсеткіш 800-900-ге дейін күрт төмендеген. Мұның барлығы эпидемиологиялық ахуалға әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Себебі, өзіміз бен жақындарымызды қорғаудың бірден-бір амалы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру.

Светлана Кашенцева – №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

-Ауруханада ем алып жатқандардың барлығы вакцинацияланғандар деген – бос сөз. Бүгінде бізде коронавирусқа шалдыққан 160 науқас бар. Олардың тек біреуі ғана – екпе қойдыртқан. Бірінші компонентін алғандықтан, иммунитет әлі қалыптаспады. Иммундау шарасынан толық өткендердің өзі де ковид-19-ға шалдығуы мүмкін. Бірақ, бұл жандар дертті симптомсыз не жеңіл көтереді

Тұрғындар жауапкершілік танытпаса қызыл аймақтан шығуымыз екіталай. Мониторингілік топ өкілдерімен тамыз айында 185 рейд өткізілген. Шара барысында 1100-ден аса нысан жұмысы тексеріліпті. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен тұрғындарға 43 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. “Ашық” жобасының арқасында да өзгелердің өміріне қауіп төндіріп, көше кезіп, ойын-сауық орталықтарын аралап жүргендер анықталуда. Соңғы аптада “қызыл” не “сары” мәртебесі бар 14 адам үйде оқшаулану ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Олардың әрқайсысы 30АЕК көлемінде, яғни 87500 теңге айыппұл арқалады.

Эльмира Садвокасова