Құқық қорғау органдары

Интернет алаяқ ұсталды

Оңтүстікастаналық арам ойын OLX сайтында жүзеге асырған. Мұнда ол өзін астаналық сатушымын деп таныстырып, қымбат шетелдік көліктерге арналған қосалқы бөлшектерді жарнамалаған. Клиент тарту үшін пысықай тауарларды төмен бағамен ұсыныпты. Бұған кейбір жандар сеніп қалып, алдын ала төлем жасаған екен. Ал айлакер ақша картаға түскесін, үйреншікті сценарий бойынша ізім-ғайым жоғалған. Жергілікті мамандар бірнеше адамның арызы негізінде жедел-іздестіру шарасын ұйымдастырады. Соның нәтижесінде Алматы қаласына жол тартады. Іссапар барысында 32 жастағы күдікті ұсталады.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

-Алаяқтар интернет желісінде автокөліктер, олардың қосалқы бөлшектерін сату туралы хабарландырулар қояды. Кейін бағаларын арзандатады. Оны көрген адамдар сатушымен келісіп, ақшаларын жіберіп отырған. Келіп түскен ақшаны өзінің атына емес, басқа біреудің атына тіркелген картаға жіберіп отырған. Осылайша адамдарды алдап, қажетіне жұмсаған.

Күдіктіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша іс қозғалды. Тергеп-тексеру жұмыстары кезінде алматылық 8 мәрте интернет алаяқтық жасағанын мойындады. Көлденең жолмен келген көк тиынның көлемі – 300 мың теңгенің маңайында.

Халықты айлакерден қорғау! Полицейлер осындай мақсатта сайттарға, әлеуметтік желілерге үнемі мониторинг жасап тұрады. 7 ай ішінде мамандар 637 хабарландыруды тексеріп, 61-ін бұғаттапты. Жалпы, жыл басынан бері облыста 300-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген.

Байболат Култанов