Ауыл шаруашылығы

Жергілікті агроқұрылымдар мал азығын дайындауда

Дәл қазір “Шағала Агро” серіктестігінің 200 гектар жерінде 3 комбайн жүйіткіп жүр. Танап басындағы мамандар осымен 3 күн қатарынан алтын дәнді оруда. “Палессе” деп аталатын техника Қостанайда құрастырылып, осыдан 2 жыл бұрын өңірге әкелінген. Оның бірін Николай Пилибенко тізгіндепті.

Николай Пилибенко – “Шағала Агро” ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы:

– Менің әкем де механизатор болып қызмет етеді. Оның комбайн жүргізгенін көріп, бала кезімнен қызығып өстім. 9 сынып бітірген соң техниканың тілін меңгере бастадым. Кейін серіктестікте жұмыс істеуге шақырды. Ойланбастан осында келдім. Жалақым көңілімнен шығады. Ай сайын шамамен 200 мың теңгедей аламын.

Қызметшілер алқаптың әр гектарынан 10 центнер астық алуда. Көрсеткіш өткен жылғыға қарағанда 1,5 есеге аз. “Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болды”- дейді мамандар.

Орылған бидайдың дәні тракторға тиеліп, кәсіпорынға жіберіледі. Сабағының шамамен 50 пайызы тыңайтқыш ретінде топырақтың үстінде қалдырылады. Ал қалғаны мал азығы ретінде қолданылады.

Ғабдулқапар Бәри – “Шағала Агро” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Бидайдан бөлек, рапс, зығыр, қарақұмық еккенбіз. Қазіргі таңда 100-дан астам адам жұмыс істеуде. 9 комбайн, 10 МТЗ тракторы жұмылдырылды.

“Шағала Агро” биыл 12 мың гектар жерге дән сепкен екен. Осылайша, қыс кезінде 4 ауылды мал азығымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ол үшін пішеннің 6 мыңнан астам бумасын әзірлемек ниетте.

Ғабдулқапар Бәри – “Шағала Агро” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Өздеріңіз көріп тұрғындай шөп осында жиналады. Кейін жұмысшыларға таратамыз. Қалғаны – өзімізге.

Жергілікті агроқұрылым әзірлеген теңнің бағасын ауыл тұрғындарының қалтасы көтереді. Берік Налишев жемді кәсіпкерліктен сатып алса, шөпті өзі жинайды. Ол үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» – нан 6 пайыздық жеңілдікпен 3 млн 800 мың теңгеге несие рәсімдепті. Ақшаға пішенді буатын 2 бірдей арнайы техника сатып алған. Онымен қоймай, қос елді мекен тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Берік Налишев – «Налишев.Б.Т» ЖК басшысы, Қызылжар ауданы

– 40-қа жуық қара мал, қой мен жылқы бар. 350-400 тай өзіміге дайындаймыз. Қалғанын 5 мыңнан сатамыз. 

Бугровое селосы шөпке бай. Елді мекенде 580-нен астам адам тұратын болса, жұртшылықтың басым бөлігі Берік Налишев сынды мал азығын өзі әзірлеуге қауқарлы көрінеді.

Марат Жоламанов – Бугровое ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы

-Ауыл тұрғындары пішен жинау науқанын 1 ай бұрын бастап кетті. Биыл ауа райының қолайсыз болғанына қарамастан шөп мол. Мал шаруашылығымен айналысатын жалғызбасты қарттарды назардан тыс қалдырмадық. Әр зейнеткерге көмек қолын созатын әлеуметтік көмекшілері бар. 

Облыс орталығынан 60 шақырым алыста орналасқан ауыл жыл сайын көркейіп келеді. Көшелер толық жарықтандырылып, асфальт төселген, әр баспана орталықтандырылған су желіне қосылыпты. Жақында интернет мәселесі шешімін тауып, елді мекендегі жалғыз мектепке биоқазандық орнатылмақ.