Әр түрлі

Саяжайшылардың өнімдері – сөреде

Солтүстіктің топырағы құнарлы. Өңірімізде дәруменге бай жеміс-жидек те, көкөніс те өседі. Биылғы түсім көңіл көншітеді. Қазір саяжай иелері бау-бақшаларында өсірілген өнімдерін жинауда. Солардың бірі – «Энергетик-2» саяжай серіктестігінің өкілі Елена Маликова. Бағбанның ауласында қызанақ, болгар бұрышы, баял, қырыққабат дейсіз бе, бәрі бар. “Кез-келген жан өзі мен жаняұсын бақшадағы сапалы өнімдермен жыл оны екі ай қамтамасыз ете алады”,- дейді нәзікжанды. Ол үшін ең бастысы ала жаздай ерінбей тер төгу қажет.

Елена Маликова дәмі тіл үйіретін жүзімдерді де өсіреді. Жүзімдердің отаны – көршілес Ресей. Сондықтан өңіріміздің ауа райына тез бейімделген. Бұл істі зейнеткер 6 жыл бұрын қолға алыпты.

Елена Маликова – қала тұрғыны:
– Жүзімнің 5 түрін өсіремін. “Кишмиштан” бөлек, “Коринка” деп алатын сұрпы да бар. Ол жасыл түсті болады. Шамамен 1 аптадан соң пісіп қалады. “Алешенькин” мен “Тимур” сарғыш болып өседі. Олар өте тәтті келеді. Сонысымен өздеріне бал араларын тартады.

65 жастағы жерлесіміздің тағы бір сүйікті ісі – гүлдерді күтіп-баптау. Иісі мұрын жаратын табиғат сұлуларының мұнда 20-дан астам түрі жайқалып тұр.

Елена Маликова – қала тұрғыны:
-Гүлдерім мені қуанышқа бөлейді. Оларды өсіруді бала кезімнен армандадым. Арманымды тек зейнетке шыққан соң ғана орындалды. Қазір өзім жалғыз тұрамын. Жолдасым бірнеше жыл бұрын көз жұмды. Ал, балаларымның өз жанұялары бар, менен алыста тұрады.

Зейнеткер 9 айын осында өткізсе, қыста қалаға оралады. Себебі, жалғызбасты жанға отын мен көмір тасып, жазғы үйін жылыту қиын.
Негізі, мұнда сарышұнақ аяздарға дейін өмір сүруге керектінің бәрі бар. Саяжай серіктестігінде 200 баспана болса, оның басым бөлігіне су кіргізілген. Жарық та қосылған, негізгі көшелерге биыл қиыршық тас та төсілген.

Людмила Сысолятина – «Энергетик-2» саяжай серіктестігінің төрайымы:
– Трассаға дейін 10 минут жүреміз. Ары қарай автобусқа отырып, қалаға аз уақыттың ішінде жетіп алуға болады. 2019-шы жылы көшелер жарықтандырылып, үйлерге де электр энергиясы өткізілді. Жаздың басында шамамен 2 жарым шақырым жолға қиыршық тас төселіп, жүріп-тұруымыз жеңілдеді. Жағдайымыз жыл өткен сайын жақсарып келеді.

«Энергетик-2» саяжай серіктестінде қысқа дейін 40-тан астам адам тұрады екен. Олардың басым бөлігі – зейнеткерлер. Жазғы үй иелері жеміс-жидектер мен көкөністерді сатылымға да шығарады. Мысалы, «Буревестник» қауымдастығының өкілдері балғын өнімдерді қаладағы сауда үйінің алдында өткізеді. Үстелге қойылғанның бәрі – табиғи жолмен өсірілген, қалтаға айтарлықтай салмақ салмайды.

Лидия Василенко – «Буревестник» саяжай қауымдастығының төрайымы:

– Саяжайымызда көкөніс өсіруге барлық жағдай жасалған. Су молынан. Біз қызанақ пен қиярды өсіру барысында ешқандай дәрумен қолданбаймыз, тек екі мезгіз суарамыз. Сондықтан, өнімнің сапасы қалалықтардың көбіне ұнайды. Тұрақты клиенттеріміз де бар. Таңертең 6 келі қызанақ алып келіп едім, түске дейін оның біразын саттым. 1 жарым келідей ғана қалды. Оның өзін қазір әкетпекші. Сатып алушыларымның бірі хабарласып, алатынын айтты.

Қалада Лидия Василенко сияқты жандарды жиі кездестіруге болады. Саяжайшыларға сауда жасау үшін тиісті жағдай жасалған. Мәселен, өнімдерді ірі сауда орталықтары жанындағы арнайы орындарда тегін сатуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта мұндағы сөре картоппен де толықпақ. “Аталған дақыл түрі қыркүйектің басында сатылымға қойылады”,- дейді жерлестеріміз.