МТРА жаңалықтары

Петропавлдың 118 көшесіне қиыршық тас төселді

Солнечный кенті. Ағымдағы жылы бұл ауданда қиыршық тас төсеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін шаруа 10 көшеде тыңдырылған.

Осыдан бір-екі күн бұрын кезек Центральная көшесіне де келіпті. Іске жергілікті «АВАНГАРД СТРОЙ ГРУПП» серіктестігі жауапты. Мамандар
1 шақырым жерге жоспарланған жұмысты аяқтауға жақын. Қазір 15 жұмысшы мен 10 арнайы техника төселген қиыршық тасты тегістеуде.
Аудан тұрғындары болса көпжылдық арманымыз орындалды дейді.

-30 жылдан бері мұндай жол арман болған еді. Бүгін арманымыз орындалып жатыр.
– Әрине, қуаныштымын. Енді көп ұзамай асфальт төсеп берсе, тіпті керемет болар еді.
-Бұл жермен көлік тұрмақ, жаяу жүрудің өзі машақат еді. Енді қиыншылық туындамайды деген ойдамын.

Айта кетейік, Солнечный кентіндегі іс мұндағы тұрғындардың өтініші бойынша жүргізіліп жатыр. Жерлестеріміз көпті толғандырған мәселені әкімдікке жеткізіпті. Бұйымтайлары жерде қалмады, оң өзгеріс орын алды.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиь жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы

– Мамыр айында қаламызда қиыршық тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Іс тамыз айының соңына дейін жалғасады. Қаламыздың 118 көшесінде бұл шаруа тыңдырылды. Барлық жұмыстар тұрғындардың өтініштері негізінде жүргізіледі. Яғни, тұрғындар әкімдікке келіп өтініш жазады немесе қала әкімінің қабылдауында өз өтініштерін білдіреді.

Қиыршық тас төсеу жұмыстарыннан бөлек, қаламызда ой-шұңқырларды жамау жұмыстары да жүргізілуде. Үстіміздегі жылы бұл шаруа 50 көшеде тыңдырылады деп жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 35 көшедегі іс аяқталыпты.