Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдегі эпидахуал мен жаңа оқы жылына дайындық

Пандемия басталғалы бері өңірімізде 20 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Ауырғандардың 32 пайызы індеттің симптомсыз түріне шалдыққан екен. Қазіргі күні облыстың статусы – “қызыл”. Індеттің беті қайтар емес, коронавирусқа шалдыққан жандардың саны күн сайын артуда. Көз жұму жайты да жиілеген. Мысалы, үстіміздегі жылдың шілдесіне дейін 43 кісі инфекциядан ажал құшқан. Ал, тамызға дейін, яғни небәрі 1 айда бұл көрсеткіш 88-ге жеткен.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
 -Облысымыз 2-ші шілдеден бастап “қызыл” аймақта тұр. Бұл ретте сырқаттанушылық көрсеткіші 212-ні құрайды. Инфекциялық төсектердің толтырылу көрсеткіші 70 пайыздан жоғары болған жағдайда, біз “қара-қызыл” аймаққа көшеміз. Сондай-ақ, демалыс күндері шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын заман» деді. Бірақ, қанша ескерту жасалғанымен жергілікті мейрамханалар халық жинауды тоқтатар емес. Соңғы 2 аптаның ішінде аймақтағы мониторингілік топтар 142 рет рейд өткізген. Бақылау шарасы кезінде мамандар 1400-ден аса нысанға бас сұғып, карантин талаптарын бұзған 30 мекемені тіркеген.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

-Ережені елемегендерге қатысты 425-ші баптың 1-ші бөлімі бойынша 38 әкімшілік хаттама толтырылды. Тиісті талаптарға мойынсұнбағандардың 3-еуі кәсіпкер болса, қалған 35-і – жеке тұлғалар. Оларға жалпы құны 2,7 млн теңгенің айыппұлы салынды. Сондай-ақ, үйде оқшаулану ережесін бұзған адамдарды да жауапқа тартудамыз.

Вакцина алу қарқынан одан әрі арттыру керек. Себебі, екпе қойдырған жан ауруды жұқтырғанның өзінде жеңіл өткереді. Бұл – дәлелденген факті. Және індеттің таралуын бәсеңдетеді. Осының арқасында жүкті әйелдерді, балаларды инфекциядан қорғай аламыз. Өкініше қарай, қазір жайсыз құбылыс байқалады. Қоғам арасында дертке шалдыққан болашақ аналардың саны ұлғайған.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 15-ші шілдеден бастап аяғы ауыр 61 әйел коронавирус жұқтырды. Оның ішіндеге 11 нәзікжанды ауыр халде жатыр. Жүкті қыз-келіншектерге індетпен күресу қиын. Маусымнан бері 15 нәзікжанды «кесар отасы» арқылы уақытынан бұрын босанды. 1 бала қайтыс болды. 4 сәби жансақтау бөлімінде жатыр.

Нұрлан Аймановтың сөзінше, аудандардың бір бөлігінде вакцинация қарқыны – бәсең. Ал, Уәлиханов, Тайынша, Қызылжар, М.Жұмабаев, Айыртау мен Ғ.Мүсіреповте – өте нашар. Облыс әкімі халықты екпе қойдырып, өз өмірлерін қауіпті індеттен қорғауға шақырды. Және кәсіпкерлерге «Ашық» қосымшасы арқылы жұмыс істеу қажеттегін ескертті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүкіл қорғау шаралары күшейтіліп жатыр. “Ашық” қосымшасы енгізілуде. Бұл жобаның аясында бизнес карантин уақытында жұмыс істеп, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Кейбір кәсіпкерлер оны енгізбеді. Сондықтан барлық кәсіпкерлерге жобаға қосылуға кеңес береміз.

Жаңа оқу жылының басталуына ойыссақ. Биыл ұл-қыздар сабақты дәстүрлі форматта оқитыны бәрімізге мәлім. Сол себепті, жергілікті білім ұйымдарындағы мұғалімдер мен техникалық персоналдың 98 пайызы екпе қабылдаған екен. Жалпы, үстіміздегі жылы мектептер 75 мыңнан астам баланы қабылдайды. Оның 8 мыңы оқу ошақтарының табалдырыған алғаш аттайды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бірінші сынып оқушыларына арналған “Алғашқы қоңырау” салтанатында «Әліппе» мен «Букварь» тапсырылады. 2-11 сынып оқушылары үшін сынып сағаттары өткізіледі. Мектептер әдеттегі дәстүрлі форматта жұмыс істейді. Сабақ 45 минуттан болады. Мектеп формасына қойылатын талаптар сақталады, бірақ классикалық стильдегі киім киюге рұқсат етіледі.

Жаңа оқу жылында мектептердегі санитарлық талаптар қатаң түрде сақталады. Маска режимі енгізіледі, оқушылардың дене қызуы ұдайы тексеріліп отырады. Сонымен қатар, нысан іші жиі жуылып, кварцтеледі. Ал, балалар арасындағы байланысты азайту үшін сабақтың басталуы мен үзіліс уақыттары әртүрлі болмақ. Ұл-қыздардың жеке қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Қыркүйектің 1-не дейін облыстың мектептеріне 224 дабыл түймесі орнатылады. Білім ұйымдарының дені бейнебақылау құралдарымен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 35 нысанға орнатылады. Дыбыстық хабарландыру жүйесі де бар. Оны 181 ғимаратқа қойдық. Қауіпсіздік жұмыстарын әлі де жалғастыратын боламыз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын мектепке баратын оқушылардың саны артуда. 2018 жылмен салыстырсақ, биыл 1-ші сынып оқушысы атанатын балалардың саны 5 мыңға көп. Соңғы екі жылда 244 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биыл тағы 52 білім мекемесі жөнделеді. Оған тиісті қаражат бөлінді.

Егер карантин талаптары қатаңдатылып жатса, балалар қашықтықтан оқуға көшіріледі дейді білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова. Оқушылар компьютер құралдарымен толық қамтылады. Мектептер жүз пайыз интернетке қосылған. Осы орайда облысымыздың бас ұстазы аудан әкімдерінен елді мекендерді интернетпен қамтуды сұрады.