А.Рейбантқа қатысты іс талқыға түсті

Қылмыс

23:42 19 Тамыз 2021

Петропавлда атышулы іс қоғам талқысына түсті. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Анатолий Рейбанттың ісіне қатысты брифинг өтті. Естеріңізге сала кетейік, 2017-ші жылдың 4-ші маусымында 25 жастағы азамат өз үйінің гаражында көз жұмды. Медициналық сараптама көрсеткендей, ол құсық массасына тұншығып, қайтыс болған. Алайда, марқұмның анасы қорытындымен келіспей отыр. Жәбірленуші ұлымның өліміне 3 ай бұрын орын алған жағдай себеп болды дейді. 2017-ші жылдың 2-ші наурызында Анатолий Рейбант Ресейге вахталық жұмысқа аттанбақ болған. Бірақ, қоғамдық орында алкогольдік сусын ішкені үшін тәртіп сақшыларына ұсталып, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілген. Келе салысымен азамат шыны бөтелкесін жарып, білегін кесіпті. Полицейлер оны тоқтату үшін, жерге жатқызған. Алайда, жас жігіт сабасына түспей, өзінің басын жерге ұра бастаған. Салдарынан құқық қорғаушылар оның қолына кісен салуға мәжбүр болған көрінеді. Кейін Анатолийді жедел жәрдем қызметкерлері алып кеткен. Ирина Рейбант дәл осы күні тәртіп сақшылары ұлын соққыға жығып, мұрнын сындырғанын айтып отыр. Араға 3 ай салып, баласының көз жұмғаны да сондықтан дейді нәзікжанды. Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары “Билікті не лауазымдық өкілетті асыра пайдалану” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, істің анық-қанығын тексерген. Бірақ, құқық қорғаушылардың сөзінше еш айғақ табылмады. Ирина Рейбант тергеу қорытындысымен келіспегендіктен, ағымдағы жылдың 25-ші шілдесінен бастап аштық жариялады.

Арман Атанов, СҚО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы:
– Наурыздағы оқиға мен Анатолийдің өлімінің арасында еш байланыс жоқ. Сарапшылардың сөзінше, марқұмның мұрны зақымданған болса да, механикалық тұншығуға еш әсер етпейді. Бұдан бөлек, тағы қосымша сараптамалар мен медицина ғылымдары докторларының қатысуымен кешенді медициналық экспертиза жасалды. Оның қорытындысы бойынша да мамандар наурыздың 2-сі мен маусымның 4-і арасындағы факті бойынша еш байланыстың жоқтығын растады.

Бұдан әрі оқыңыз