Билік

Үздік ауыл әкімі анықталды

Ауыл әкімі халыққа жақын ба? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін елімізде осымен екінші жыл қатарынан байқау ұйымдастырылып жатыр. Қай елді мекеннің басшысы үздік екендігін анықтайтын сайыс 2 кезеңнен тұрады. Алғашқысы – облыстық деңгейде. Оған 13 солтүстікқазақстандық қатысқан екен. Конкурста М.Жұмабаев ауданына қарасты Лебяжі ауылдық округінің әкімі де бақ сынаған.

Шырайлым Омарова – Лебяжі ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы
қаз: 190, 03:59 Өз жобамды әзірледім. Онда атқарған жұмыстарымды көрсеттім. 4 жылға жоспарымды құрдым. Видеоролик жасадық. Ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз сөйледі. Қандай өзгеріс болғанын айтып берді.

Шырайлым Омарова қазылар алқасының ең жоғары ұпайын жинады. Осылайша, «Үздік ауыл әкімі» атанды. Бас жүлдеге дәл осы нәзікжандының лайық деп танылуы тектен-тек емес. Шырайлым Рысбайқызы өзі басшылық ететін округтің дамуына 7 жылдан бері сүбелі үлес қосып келеді. Ауылда орын алатын әр іс-шараның бас-қасында жүріп, туындаған мәселелерді шешуге тырысады. Халықтың қалауымен биыл қайта сайланыпты.

Шырайлым Омарова – Лебяжі ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

-Соңғы 4 жылда бірсыпыра жұмыс істелінді. Құралай мен Лебяжі ауылдарының ортасындағы жол жаман болатын. Соны істеттік. Су тартылды. Балаларға ойын алаңқайы салынды. Демалыс орталығы ашылды.

Алға қойылған жоспар да ауқымды.

Шырайлым Омарова – Лебяжі ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Биыл көшелерді жарықтандыра бастадық. Тек 50 пайызы орындалды. Ендігі жылы осы мәселені ары қарай қарастырып, істейтін боламыз. Футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын алаң жоқ. Осы мәселені шешу керек. Балаларға ойнайтын жер керек.

Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын әкім жақында өңір намысын республикалық конкурста қорғайтын болады.

Рамиль Бахриразиев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

-Комиссия үміткерлердің сауалнамалық деректерін, жобалау жұмысын бағалайды. Әдеп жөніндегі уәкіл сауалнамасының, тұрғындар арасындағы онлайн-сауалнаманың нәтижелерін көреді. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, әкімнің халықпен кері байланыс орнату жөніндегі қызметін бағамдайды.

“Үздік ауыл әкімі” атты байқаудың республикалық кезеңіне құжат қабылдау жұмыстары қыркүйектің 20-шы жұлдызына дейін жүргізіледі. Қазан айының соңында жеңімпаз анықталмақ.

Маржан Касымбек