COVID-19: Қазақстан

«Семейный» сауда желісі қызметкерлерінің 83% екпе қойдырған

Қазіргі күні қаламызда «Семейный» сауда желісінің 15 нүктесі бар. Барлығында шамамен 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылардың әрбірі күніне жүздеген адаммен бетпе-бет тілдеседі, қызмет көрсетеді. Сәйкесінше, вирусты жұқтырып алу қаупі артады. Мұндағы мамандардың арасында қауіпті індетке шалдыққандар да бар екен. Олардың бәрі тиісті ем қабылдапты. Бүгінде жұмыстарына қайта оралған. “Осы орайда иммундау шарасының аса маңызды екенін ескеріп, жаппай вакцина салдыру қажет деп шештік”,- дейді сатушы Бақытжан Фаткулина.

Бақытжан Фаткулина – сатушы:
– Былтыр мен ковидпен ауырдым. Өкпемнің 30 пайызы зақымдалды. Сондықтан стационарда жатып, ем қабылдадым. Жақындарымның арасында да ауырғандар көп болды. Өзімнің және айналадағы адамдардың денсаулығын ойлап, осыдан 1 ай бұрын вакцинаның толық курсынан өттім. Қазір жағдайым жақсы. Таныстарымның барлығына екпе қабылдау қажеттігін айтып жүремін. Себебі, коронавирус – өте қауіпті.

Бүгінде «Семейный» сауда желісінде жұмыс істейтін жандардың 83 пайызы екпе қойдырыпты. Жақын арада медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ қызметкерлердің қалғаны вакцина қабылдамақ. Сауда-саттық саласында еңбек ететін мамандардың иммундалуына сатып алушылары қалай қарайды? Өздерінен сұрап көрдік.

– Сауда нүктелеріндегі қызметкерлер адамдармен тығыз байланыста болады. Сол себепті, олардың вакциналанғандары маңызды деп ойлаймын.
– Өзім екпе алдым. Басқаларды да қойдыруға шақырамын. Вакцина қабылдау арқылы ғана пандемияны тоқтата аламыз.

Жалпы, бүгінге дейін облысымыздың 214 мыңнан аса тұрғыны вакцинаның алғашқы компонентін қабылдапты. Ал, 178 мыңнан астам азамат иммундау шарасының толық курсынан өткен. Осы орайда айта кетейік, соңғы тәулікте өңірімізде 158 адам коронавирус жұқтырған. Ауырғандардың басым бөлігі – петропавлдықтар. Аймақтағы стационарлардың толымдылық көрсеткіші 45,3 пайызы құрайды.

Бердимурат Баймухан