COVID-19: Қазақстан

Мұғалімдердің барлығы 25-ші тамызға дейін екпе қойдыруы керек

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Биыл ұл-қыздар мектепте дәстүрлі форматта оқиды деп жоспарланып отыр. Яғни, балалар ұстаздармен бетпе-бет жүздесіп, етене жақын араласатын болады. Демек, санитарлық нормаларды қатаң түрде сақтау керек. Бұл ретте бүгінгі үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин 25-ші тамызға дейін мұғалімдерді вакциналауды аяқтау қажеттігін атап өтті.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі:

-Вакцина қорын толықтыру шаралары қабылданып жатыр. Оқу жылына дайындық жұмыстары аясында мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға қарай аяқтап, оқу орындарының дайындығын бақылауды күшейту керек. Халықтың шектеу шараларын сақтауын бақылауды жалғастыру қажет. Ол үшін өңірлерде мониторингтік топтардың саны көбейтілді. Олардың тиімділігін арттырған жөн.

Солтүстікқазақстандық білім саласы өкілдері болса иммундау шарасына белсенді түрде ат салысуда. Бүгінге дейін өңір ұстаздарының 98,7 пайызы вакцина алып үлгерген. Айтуларынша, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген абзал.

Балжан Баймағамбетова – Кирилловка орта мектебінің директоры, Айыртау ауданы:

– Біздің білім мекемесінде 42 мұғалім, 27 техперсонал жұмыс атқарады. Оның ішінде 4 адам – кішкентай сәбилерін емізетін аналар. Яғни, олар вакцинадан босатылған. Сонымен қатар, 2 мұғалім және 2 персонал уақытша анықтаманың негізінде босатылды. Қалған барлық ұстаздардың 100 пайызы вакцина қабылдаған.

Өзге қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмайды. Мектептерде қатаң түрде сақталады.

Балжан Баймағамбетова – Кирилловка орта мектебінің директоры, Айыртау ауданы:


– Аурудың алдын алу шаралары орындалып жатыр. Бұл: мектепке кірер кезде «Ашық» жобасы арқылы өту және күнделікті өткізілетін термометрия. Жаңа оқу жылына дайындалу барысында әр сынып бөлмелерінде жеке оқытылатын болады. Күнделікті сынып бөлмелері арнайы дезинфекциялық құралдармен тазаланып, кабинеттер желдетіліп отырады.

Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталып келе жатқанын тілге тиек етті. Вирустың репродуктивтік индексі 0,97 құрайды екен. Ал, инфекциялық төсек орындар – 53%, реанимациялық төсектер орындар – 47% толы. Қазіргі уақытқа дейін 4,8 млн-нан астам қазақстандық иммундаудың толық кезеңінен өткен. 6,1 млн-нан астамы вакцинаның бірінші компонентін салдырыпты.

Алтынай Казиканова