МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Жастар проблемасы талқыланды

Күн тәртібіне шығарылған жалғыз сұрақ – жастар мәселесі. Кейінгі буын өкілдерінің шетелге ағылу үрдісі жылдан-жылға белең алып барады. Мұндай проблема әсіресе Солтүстік Қазақстанда өткір тұр. Мектеп бітірген қыз-жігіттер білім қуып не Ресейдің шекаралас аймақтарына, не Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына кетуде. Кейін туған жеріне оралатындары саусақпен санарлық. Бұған бірнеше фактор себеп.

Әлфараби Мыңбай, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Ең бірінші – жалақы мәселесі. Жас мамандарға берілетін жалақы өте төмен. 70-80 мың теңгенің маңайында. Сондықтан, өз мамандығы бойынша жұмыс істейтіндер аз.

70-80 мың алатын маманның өз пәтеріне қол жеткізуі де екіталай. Бұл – екінші проблема. Баспана бағасы бойынша Петропавл – үздік үштікте.

Бақытжан Тұрсын, Химия-биология бағытындағы НЗМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– “Отбасы банктің” “Бақытты отбасы”, “Шаңырақ” деген бағдарламалары көпбалалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Ал, жастарға ондай бағдарламалар жоқ. Өткенде әкімдікте қарастырылған “Қызылжар жастары” бағдарламасы да біз үшін тиімсіз. Оның бастапқы жарнасы жоқ, бірақ ай сайын кемінде 130 мың төлеу керек.

Болашақ бағдарламаның шарттарын қайта қарастыру керек. Жобада Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрмыс деңгейі мен жалақы көлемі ең бірінші кезекте ескерілуі қажет дейді жастар. Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов мұнымен келіспей қоймады.

Мәди Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біз қыркүйек айының екінші жартысында “Отбасы банктің” төрайымымен арнайы кездесу ұйымдастырамыз. Сонда тұрғын-үй бағдарламаларының ставкаларын төмендету бойынша сұрақтарды көтеретін боламыз.

Бір ғана бағдарламаға сеніп, проблема біржақты етіледі деу әлі ерте. Мәселені түбегейлі шешу үшін бірнеше механизмді қарастыру керек. “Қызылжар жастары” іске қосылғанымен, пәтермен барлық қыз-жігіттерді қамту мүмкін емес. Олардың саны бүгінде 38 мыңнан асып жығылады. Сондықтан, Қозыбаев университетінің өкілдері мынадай ұсыныс тастады.

Жанар Таласпаева, Kozybayev University академиялық сауалдар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:

– Жастарға арналған жатақхана салса, жақсы болар еді. Оқу бітіргендерді бірден пәтермен қамтамасыз ету мүмкін емес қой. Ал, жастар жатақханасы болса, алғашқы бетте, жұмысқа орналасып, аяққа тұрып кеткенше, көмек болар еді.

Жергілікті университет “Серпін-2050” бағдарламасына қатысты да пікір білдірді. Бүгінде жоғарғы оқу орнында оңтүстік өңірлерден келген жастар аз емес. Қыз-жігіттер тегін білім алады. Бірақ, дипломдарына қол жеткізгеннен кейін теріскейде қалып, еңбектенемін деп аса құлшынбайды. Себебі, түлектерді екі қолға бір күрекпен қамту проблемаға айналып отыр.

Жанар Таласпаева, Kozybayev University академиялық сауалдар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:

– Әрбір өңірдің қажеттілігін талдап, “Серпін” бағдарламасына гранттар бөлу керек. Сонда ғана біз студенттерді жұмыспен қамти аламыз, сонда ғана біз оларды жергілікті жерде қалдырып, жұмыс істеуге міндеттей аламыз.

Ұсынылған жұмыстан бас тартып, бәрібір де кетемін деген жастарды оқудың ақшасын қайтаруға міндеттеу керек дейді Жанар Таласпаева. Жас депутат та “Серпін” бағдарламасына өзгеріс енгізу қажеттігі жөніндегі ұсынысты бірден құптады.

Эльмира Садвокасова