Құқық қорғау органдары

Терезеден кіріп, 4 млн теңгені қолды қылған

Оқиға түскі 3-тер шамасында орын алған. Бұл уақытта баспана иелері жұмыста болыпты. Мұны жақсы білген кәнігі ұры үйге терезеден кіріп, бақандай 4 млн теңгені жымқырып кеткен.

Қолының қыспасы бар жан үй аумағында орнатылған бейнебақылау камерасының көмегімен ұсталып отыр. Ұрланған ақшаның бір бөлігі қайтарылды. Екінші жартысын баукеспе жұмсап үлгеріпті. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ал, тергеу барысында ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстық оқиғаларға қатысы бары анықталды.

Руслан Ботин, қалалық ПБ бөлімше бастығы:

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Петропавл қаласының 1971 жылы туған тұрғыны ұсталды. Және де осыған ұқсас төрт қылмысқа қатысы бары анықталды.

Баукеспені қандай жаза күтіп тұр? Ұрлықшы заңға сәйкес 2-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы немесе шектелуі мүмкін. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 270-тен астам пәтер ұрлығы тіркелген. Оның басым бөлігі ашылыпты. Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарды аса сақ болуға шақырады. Үйлер мен подъездерге бейнебақылау камераларын орнатып, күзет құрылымдарының орталықтандырылған бақылау пультіне қосылуға кеңес береді.

Маржан Касымбек