Ауыл шаруашылығы

Мал азығы мен сүт сапасын анықтау

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Бұл – жемазық сараптау және биохимиялық сараптама зертханасы. Атауынан-ақ түсінікті. Осы жерде ауылдағы малға қажетті барлық азықтың құрамы зерттеледі. Мәселен, мынау – сүрлем. Сүрлемнің құрамында сірке, сүт пен май қышқылы көрсеткішінің жоғары болғаны маңызды екен. Ал, шөпте протеиннің көп болғаны жақсы.

Зертханашы маман шаруалар әкелген азықтың әр сынамасын мынадай құрылғыға салып тексереді. Аппарат инфрақызыл сәуле арқылы жем-шөптегі дәрумендерді анықтайды. Зерттеу аяқталған соң барлық мәлімет жиналып, қорытынды шығарылады. Соған сәйкес, қандай да бір азық түрін малға қанша мөлшерде беру керектігі жазылады. Яғни, тұяқтылардың күнделікті рационы құрылады.

Руслан Жақсылықов, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС зертханашысы:

– Қазір біз азықтың құрамында болуы тиіс негізгі элементтерді көріп отырмыз. Ол – протеин, крахмал, кальций, фосфор, майлар және тағы да басқа заттар. Фермерлердің осылай сараптама жасатқандары дұрыс. Себебі, төрт түліктің рационын алдын ала анықтай келе, қыста берілетін азықты үнемдеуге болады. Сондай-ақ, сараптама нәтижесі жем-шөпті шамадан тыс салуға немесе керісінше аз салуға жол бермейді.

Әр науқан сайын мұндағы мамандарға 50-ге жуық шаруашылықтың өкілі жүгінеді екен. “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының” қызметкерлері сүттің де құрамына сараптама жасайды. Айтуларынша, орталықа фермерлер күнде келіп, өз өнімдерін тексереді.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Мына қондырғы сүтке сараптама жасайды. Қазір екі түтікше ақты сорып алып жатыр. Яғни, қондырғы екіге бөлінген. Мәселен, мына жағында сүттің ақуызы, майлылығы мен басқа да көрсеткіштері тексеріледі. Ал, бергі жағында соматикалық жасушалары тексеріледі.

Қондырғы өте қымбат тұрады. Бағасын институт өкілдері құпия күйінде қалдырды. Сөздерінше, мұндай аппарат елімізде 3-еу ғана. Оның көмегімен күніне мыңға жуық сынаманы оп-оңай сараптамадан өткізуге болады. Жалпы, 1 анализдің құны 230 теңге тұрады. Мамандар жергілікті фермерлерге сүтті жиі тексертіп отыруға кеңес береді. Бұл малдың ағзасындағы ауруларды ерте сатысында анықтап, тауардың сапасын жақсартуға септеседі.

Бердимурат Баймухан