Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерді қолдау

Соңғы 5 жылдың көлемінде елімізде «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама аясында жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтар білім алып, мемлекеттен берілген грант пен несиеге кәсіп ашады. Аз-кем статистикамен бөлісейік. 2016 мен 2020-шы жылдар аралығында аталған бастама бойынша 151 мыңнан астам азамат арнайы курстан өткен. Олардың 40 мыңға жуығы идеяларын сәтті жүзеге асырыпты.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Адамдардың 36 пайызы шағын несие алды. Ал, 64 пайызына «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз қаржы берілді. Бизнес ошақтарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында ашылып жатыр. Қалғаны қызмет көрсету, өндіріс, сауда-саттық бағытында жұмыс істеуде. Жүзеге асырылған бастамалардың арқасында елімізде 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болды.

Пандемияның салдарынан «Бастау Бизнес» қатысушылары онлайн режимде оқуда. Індет белең алғалы бері 29 мың адам кәсіпкерліктің қыр-сырын қашықтықтан меңгеріпті. Қиындықтарға қарамастан жоба өз жемісін беруде. Осыған орай, елімізде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарасты жаңа микроқаржы ұйымы құрылып жатыр. Мұның өзіндік себебі бар. Соңғы бірнеше жылда өзге ұйымдар түліктерді жоспардағыдай қаржыландыра алмаған екен. Енді тың бастама аясында биылдың өзіне 22,5 млрд теңге бөлінеді. Қомақты қаржы 5 мыңнан астам жанға үлестіріледі.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Микроқаржылық ұйымнан көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен қандастар қаржы ала алады. Ол үшін азаматтар “Бастау Бизнесті” оқып, тәмамдаулары тиіс. Біз біртұтас экожүйе құрып жатырмыз. Аталған жоба аясында өткен жылдары білім алған адамдар да жергілікті қаржы ұйымымызға барып, несие ала алады.

Жаңа қаржы ұйымы өз жұмысын өткен айдың 15-ші жұлдызында бастаған. Содан бері отандастарымыздан 600-ден аса өтініш келіп түскен. Жалпы сомасы 3,5 млрд теңгені құрайды.

Ринат Кемешов, Микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары:

– Ауылдық жерлерде 7 млн теңгеге дейін несие бере аламыз. Қалалық аймақтарда – 18 млн-ға дейін. Несие 5 жылға 6 пайызбен беріледі. Ал, ауыл шаруашылығы саласында жүрген азаматтарға 7 жылға дейін бере аламыз.

Несие алу кезінде кепілдікке жылжымайтын және жылжымалы мүліктердің барлық түрін қоюға болады. Тіпті, ескі үйлерді де ұсынып, қаржы рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Бердимурат Баймухан