Қоғам

Халық санағына дайындық кезеңі аяқталды

Халық санағы не үшін керек? Маңыздылығы қандай? Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов брифинг басында ең алдымен осы сұрақтарға жауап берді.

Нұрболат Айдапкелов, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы:

– Санақтың басты маңыздылығы – бұл тек қана әр адам туралы деректерді алып қана қоймай, кең көлемде ақпарат жинау. Яғни, білім деңгейі, денсаулығы, некедегі жағдайы, табыс көзіне қатысты мәлімет алынады.

Халық санағы 3 кезеңнен тұрады. Ең алдымен арнайы мамандар дайындықтарын пысықтайды. Нақтырақ айтсақ, 30 күн бойы өздеріне бөлінген учаскені аралап, тұрғындардың, үйлер мен ғимараттардың санын анықтайды. Бұл елімізде шаруа аяқталды. Ендігі кезек – науқанның негізгі бөлігінде, яғни екінші кезеңде. Оның өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – онлайн, екіншісі – дәстүрлі форматта. Алғашқысы қыркүйектің 1-і мен қазанның 15-і аралығында өтеді.

Нұрболат Айдапкелов, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы:

– Биыл максималды түрде цифрландырып жатырмыз. Әр азамат арнайы құрылған sanaq.gov.kz сайтына кіріп санақтан өте алады.

Бірақ, сайтқа тұрғындардың барлығы бірдей кірмеуі мүмкін. Сондықтан арнайы топ өкілдері жер-жерді аралап, офлайн санақ өткізеді. Бұл ретте мамандар адамдармен тілдесіп, тиісті мәліметті планшетке енгізеді. Санақ жүргізу аяқталған соң, заманауи құрылғылар мектептерге берілмек.

Нұрболат Айдапкелов, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы:

– Халық санағын жүргізу үшін 32 300 адам тартылады. Орташа айлығы – 109 мың теңге. 1 маман 833 адамды санақтан өткізуі керек. Санақты жүргізуге 9.1 млрд теңге қаржы бөлінді. 19 051 100 адамға есептелген.

Халық санағына қатысушы тұрғындар мамандар тарапынан қойылған 90 сұраққа жауап береді. Жауаптар жарияланбайды, бірден арнайы сайтқа жолданады. Осылайша үшінші кезең басталады. Мұнда демографиялық статистика шығарылады.

Маржан Касымбек