Құқық қорғау органдары

Түнгі рейд

Тамыздың бесінші жұлдызынан – түсіндіру жұмысы, қорытындысында – рейд. Петропавлдық тәртіп сақшылары «Балалар профилактикасы және бақылау» акциясының соңғы күні көшеде тексеріс шарасын ұйымдастырды. Түнгі 12 жарым. Бұл уақытта мобильді топ Жамбыл көшесіндегі «Тайга» сауда үйінің маңында екі жігіт пен екі қызды тоқтатты. Тілдесу барысында үш жасөспірімнің кәмелетке толмағаны анықталды. Қыздар ата-аналарын алдап далаға шыққан екен. Нәтижесінде олармен әңгіме жүргізілді, ал оқиға орнына шақыртылған әке-шешелеріне әкімшілік хаттама толтырылды.

Мамандар шақырту бойынша “Береке” ықшам ауданына да барды. Мұнда тұрғындар ішімдік ішетін және түн тыныштығын бұзатын көршілеріне қатысты шағым білдірген. Аталған мекенжайда 34 жастағы әйел мен оның 4-ші және 8-ші сыныпта оқитын балалары анықталды. Инспекторлар нәзікжандымен әңгіме жүргізіп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша хаттама толтырды. Сондай-ақ, профилактикалық есепке қою үшін ювеналдық полиция бөлімшесіне шақырды.

Айгүл Кәрімова,- қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы:

– Көршілердің шағымы бойынша Береке ықшам ауданындағы бір отбасы тексерілді. Үй іші антисанитариялық жағдайда, лас болды. Балалардың киімдері лас болды. Ата-аналары ювеналдық полицияға есепке қойылды. Сондай-ақ, әкімшілік кодекстің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мобильді топ “Береке” ықшам ауданы мен орталықтан бөлек, “Уют”, “Ойқала” және Жұмысшы кентінде болды. Мұнда да бауыр еті балаларының тәрбиесіне көңіл бөлмейтін ата-аналармен әңгіме жүргізілді, ұл-қыздарға заңбұзушылықтар жайлы айтылды. Өзекті мәселе қанша көтерілгенімен, қоғам арасында кәмелетке толмағандардың қатысуымен түрлі факті тіркелуде. Көп жағдайда мұның соңы есепке қоюмен, тәртіп сақшылары тарапынан ұдайы тексеріспен аяқталады. Қазіргі күні қалалық полиция басқармасының есебінде 48 жас тұр екен. Олардың 47-сі үстіміздегі жылы қойылыпты.

Байболат Култанов