Қоғам

Президенттік жастар кадр резервіне екінші іріктеу басталды

Президенттік жастар кадр резервіне екінші іріктеу басталды! Бұл жайлы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте айтылды. Байқауға жастары 35-тен аспаған, жоғары білімі және кем дегенде 5 жылдық еңбек өтілі бар жандар қатыса алады.

Құжаттар ақпараттық жүйеге сәйкес онлайн форматта қабылданбақ. Үміткерлер өтінімді қазан мен желтоқсан айлары аралығында жолдауы тиіс. Одан кейін 5 сатылы сынақтан өтеді. Әр кезеңде ең жоғары ұпай жинап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жастар таңдалып отырады. Осылайша үздіктер анықталады. Айта кеткен жөн, биыл жоба ережелеріне бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Енді кандидаттарда мемлекеттік тілді білетіндігі жөнінде арнайы сертификаты болуы шарт. Егер мұндай құжаты ұсынылмаса, тізімнен автоматты түрде шығарылады. Сондай-ақ, биылдан резерв құрамында болу мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылады.

Ерлан Әбіл, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

– Іріктеу кезеңдеріне толығырақ тоқталып өтсек. Ең алдымен қатысушылардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеуі бағаланады. Келесі кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Құзыреттерді бағалау кезеңіне 250-ден астам адам шақырылмайды.

Маржан Касымбек