Білім

Қозыбаев университетіне 797 грант бөлінді

Қозыбаев университетінің қабылдау бөлімінде таңнан кешке дейін ұзын-сонар кезек. Талапкерлер өздері түскісі келген білім ұяларын таңдап, құжат тапсырып жатыр. Мәселен, Андрей Ударцев жергілікті оқу ордасына түспекші. Жақында ол ұлттық біріңғай тестілеуде жақсы нәтиже көрсетіп, грант иеленген. Арманы – мұғалім болу, туған өңіріне еңбек сіңіру.

Андрей Ударцев, талапкер, Петропавл қаласы:

– ҰБТ-да негізгі пәндерден тест тапсырдым. Ол: математика, Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығы. Емтиханнан 108 балл жинап, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне грантқа түстім. Болашақта жақсы ұстаз болып, білімді шәкірттерді тәрбиелегім келеді. Менің ойымша мемлекетке медицина мен педагогика саласының өкілдері аса қажет.

Руслан Апетов те студенттік өмірге аяқ басқалы отырған жандардың бірі. Талапкер ұлттық біріңғай тестілеуде де, шығармашылық емтиханда да жоғары балл иеленген. Өкінішке қарай, грант бұйырмапты. Айтуынша, 3-ақ балл жетпей қалған. Енді Руслан ақылы оқуға құжат тапсырып жатыр.

Руслан Апетов, талапкер, Мағжан Жұмабаев ауданы:

– Әкімнің грантын сұрап көрдім, біздің мамандыққа бөлінбепті. Енді ақылы түрде оқитын боламын. Басқа білім мекемелеріне құжат тапсырған түлектер 111 баллмен грантқа түскен екен. Мақсатыма жеткім келеді. Университетте де өте жақсы оқып, сәтін салса ректордың грантын ұтып алсам деймін.

Жалпы, биыл Қозыбаев университетіне мемлекеттен 797 грант бөлінген. Оның 91-і – «Серпін» бағдарламасы бойынша. Республикалық педагогикалық квота да бар. Бұл дегеніміз – 300 грант. Жергілікті атқарушы органдардан да студенттер үшін 50 грант қарастырылған. Қазір білім мекемесіне студенттерді қабылдау қызу жүріп жатыр. Айта кеткен жөн, талапкерлер құжатты университетке келмей-ақ, e-gov электрондық үкімет порталы арқылы да тапсыра алады.

Гүлмира Оспанова, Kozybayev University қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Электронды түрде құжат тапсырған кезде аттестаттың көшірмесін бірге жіберу керек. Грант туралы куәлікті іздеудің қажеті жоқ. Ол әр талапкердің жеке кабинетінде болады. Бағдарлама құжатты автоматты түрде қосады. Ақылы түрде оқуға түсетіндердің сертификаты да дәл солай базаға енеді. Үстіміздегі жылдың өзіндік жаңашылдығы бар. Биыл университетке шартты түрде тіркелген студенттер алғашқы академиялық мезгілден кейін қайта ҰБТ тапсырады.

Биыл студенттер үшін берілетін стипендия 25 мыңнан басталады. Бұл – ең азы. Қозыбаев университетіндегі оқудың бағасы айтарлықтай өзгермеді дейді Гүлмира Оспанова. Былтыр орташа көрсеткіш 400 мың теңгені құраса, биыл 20-30 пайызға артқан екен. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында студенттер арасында жатақхана мәселесі туындамайды деп сендірді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы.

Бердимурат Баймухан