COVID-19: Қазақстан

Өңірде 214 мыңға жуық адам екпе салдырған

Сапар Ташкенбаев шаһардағы ерлер клубының бірінде барбер болып жұмыс істейді. Жас шебер кезіндегі қызығушылығын күнделікті ісіне айналдырамын деп еш уақытта ойламаған екен. Жерлесіміздің қызметіне карантин біраз өзгеріс енгізген. Бүгінде келушілердің саны азайған.

Сапар Ташкенбаев, барбер:

– Барбер болып істеп жүргеніме 2 жыл болды. Күніне 10-11 клиент келеді. Карантинге дейін 15-17 адамды қабылдайтын едім. Карантиннің салдарынан жұмыс пен клиент азайды.

Сапар келушілермен бетпе-бет тілдеседі, қашықтықтан емес, жақыннан қызмет көрсетеді. Мұндай жағдайда індет жұқтыру қаупі артады. Сондықтан сақтану қажет. Маман әр клиенттен кейін қайшы-тарағын спиртпен өңдейді. Масканы да тұрақты түрде ауыстырып отырады. Жақында вакцина да алыпты. Өзінің де, өзгенің де денсаулығы қымбат.

Сапар Ташкенбаев, барбер:

– Маска тағып жұмыс істейміз. Вакцинанның екі компонентін де алдым. Өз қауіпсіздігім үшін және жұмысты еркін істеу үшін салдырдым. Келетін клиенттердің де көбісі – вакцина алғандар.

Қазіргі таңда өңірде екпе егу жұмыстары қызу жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 214 мыңға жуық адам вакцинаның алғашқы компонентін алған. Ал, иммундау шарасынан толық өткендердің саны 177 мыңды құрайды. Өзге де статистикамен бөлісеміз. Өткен тәулікте облысымызда 163 жан коронавирус жұқтырған. Оның 145-де ауру белгілері анық байқалады. Науқастардың басым көпшілігі – петропавлдықтар. Облыс орталығында дертке 90 тұрғын шалдыққан.

Алдияр Айтпаев