Булаево қаласы ажарлана түсті

Аптадағы маңызды жаңалықтар

21:47 16 Тамыз 2021

М.Жұмабаев ауданының орталығындағы Береке мешіті 1999 жылы ашылған. Құдайға құлшылық ету орны бұрынғы соттың ғимаратында орналасқан. Содан бері бірнеше мәрте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ал, биыл көктемде Алланың жердегі үйін толық қалыпқа келтіру ісі басталған. Бүгінде шаруаның басым бөлігі аяқталыпты. Атап айтсақ, қыс мезгілінде істен шыққан пеш пен жылыту жүйесі ауыстырылған.

Жеңіс Шимпаев, М.Жұмабаев аудандық Береке мешітінің наиб-имамы:

– Кезінде жай штукатурка болды, қазір қабырғалары стандартқа сай жөнделіп жатыр. Бұрын шатырдан су ағатын. Биыл шатырдан бастап, еденге дейін ауыстырылды. Сыртын да қаптап жатырмыз, күмбездерін де ауыстырып жатырмыз.

Жөндеу жұмыстарына бүгінге дейін шамамен 8 млн теңге жұмсалған. Шығынның барлығын жаны жомарт демеушілер көтеруде. Оң өзгерістер мешіттің жанында да орын алып жатыр. Биыл жолды орташа жөндеу жұмыстарына республикалқ бюджеттен 100 млн теңге бөлінген. Қаражатқа 5 көшенің қатынау қиын учаскелері қалыпқа келтірілуде. Барлығы 2 шақырым жердің асфальт жабындысы ауыстырылмақ. Шаруа осы айда аяқталуы тиіс.

Азамат Қыраубаев, Булаево қаласының әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Ұлттық қордан Мусаев пен Чкалов көшелерін қалыпқа келтіруге 200 млн теңге бөлінді. Асфальт жабындысы толық ауыстырылады. Одан бөлек, қаражатқа тротуарлар жөнделіп, су бұру жүйесі жасалады. Жоба екі жылға жоспарланған. Шаруаның бір бөлігі биыл, қалғаны 2022-де аяқталады.

Қаладағы шұрық-тесік басқа жолдар келесі жылы жөнделеді. Бүгінде әкімдік 7 шақырымға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлепті. Шаһарда қазір жарықтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы іске 25 млн теңге бөлінген. Қаражат 22 шақырымға жалғасатын электр желісін ауыстыруға жұмсалады.

Азамат Қыраубаев, Булаево қаласының әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Жарықтандыру жұмыстары Булаево қаласындағы 15 көше мен жақын маңда орналасқан Медвежка селосындағы 5 көшеде жүргізіледі. Барлығы 400-ге жуық шам орнатылады. Біз үнемді электр жүйесіне көшудеміз. Тұрғындар көп қатынайтын уақытта, яғни таңертеңгі және кешкі мезгілде көшелер 100 пайыз жарықтандырылады. Ал, түнгі 12-ден кейін оның қуаттылығы бәсеңдейді.

Елді мекендегі абаттандыру жұмыстарына да тұрғындар оң бағаларын беруде. Былтыр қалалық паркте айтарлықтай өзгерістер орын алыпты. Балалар алаңқайы, кішкентай сәулет формалары мен су жаңа шамдар орнатылған.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Ұстаздар тамыз кеңесінде бас қосты
Солтүстікқазақстандық аграрий гектарынан 27 центнер рапс жинауда
Аққайың ауданында сүт-тауарлық ферма салынуда
Облыстық әкімдік отырысы өтті
“Жас азамат” және “Жұмағали Тілеулин” кітаптары жарық көрді
Өңір активі Президент Жолдауын талқылады
Жетекші ғалымдардың жалақысы артады
Облыс ардагерлерінің VIII есеп беру-сайлау конференциясы өтті
Ел Президенті қазақстандықтарға арналған Жолдауын жариялады
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен СҚО-ға келді
СҚО-да 5 ауыл колледжіне 1,4 млрд теңге бағытталды
Денсаулық сақтау саласы өкілдері Жолдауға үн қосты