COVID-19: Қазақстан

Облыстағы эпидахуал – тұрақсыз

Барша әлемді дүрліктерген коронавирус індеті әлі дес берер емес. Облыстағы эпидахуал – тұрақсыз. Өткен тәулікте тағы 170 адам ковид-19-ды жұқтырған. Науқастардың 75-і – қала тұрғындары. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісовтің айтуынша, жаңа дельта штамы – өте қауіпті. Өкінішке қарай, салдары өлім-жітімге әкеп соқтыруда.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Шілде мен тамыз айында облыста 39 адам вирустың құрбанына айналды. Оның біреуі – шамамен 2-ге толмаған бала. Жалпы, пандемия белең алғалы бері 82 өлім-жітім фактісі тіркелді. Соның 40 шақтысы жуырда орын алды. Сондықтан, дельта штамының қауіпті екенін еске салғым келеді.

Бүгінде 1800-ден астам солтүстікқазақстандық амбулаторлық жағдайда ем қабылдап жатыр. Маусым айында бұл көрсеткіш 250-ден аспайтын. Яғни, шамалы уақыттың ішінде науқастар саны біршама өскен. Қоғамда санитарлық нормаларды елемейтін жандар да азаяр емес. Соңғы уақытта «Ашық» жүйесі арқылы қызыл, сары статустағы адамдар мекемелерде жиілеп кеткен.

Татьяна Горлова, СҚО санитариялық-эпидемиологиядық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Қазіргі уақытта облыс аумағында 7800-ден астам нысан «Ашық» жобасына қосылған. Айтарлықтай заңбұзушылықтар тіркелмеді. Алайда, 12-ші тамыз бойынша 237 қызыл-сары статустағы жанның бағдарламаға кіргені анықталды. Оның 116-сы – қызыл, қалғаны – сары түсті көрсеткен адамдар. Заң бұзушылардың 28-іне қатысты материал жинақталды. Сегізіне айыппұл салынды.

Орташа статистикаға сүйенсек, өзінің ғана емес, өзгенің өміріне немқұрайлық танытатын жандар 4-5 нысанға кіреді екен. Ковид-19-бен күресте жаппай вакциналау науқанының маңызы зор. Шара жалғасып жатыр. Бірақ, аудан тұрғындарының арасында белсенділік аса жоғары емес.

Татьяна Горлова, СҚО санитариялық-эпидемиологиядық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Уәлиханов ауданының 44,2 пайызы ғана иммундау шарасынан өткен. Қазір мамандар тұрғындармен жүздесіп, екпенің маңыздылығын түсіндіруде. Ал, Тайыншадағы көрсеткіш – 53,8, Қызылжарда 54,3 проценті құрайды. Сонымен қатар, М. Жұмабаев ауданында – 63, Айыртау халқының 64 пайызы екпе салдырқан. Қалған аудандардағы ахуал көңіл қуантады.

Сөз соңында айта кетейік, 175 мыңға жуық теріскейлік екпенің толық компенін алған. 211 мыңнан астамы алғашқысын қойдыртқан.

Алтынай Казиканова