Салық басқармасы

Мемлекеттік кірістер департаментінде 422 әкімшілік материал жинақталған

Қазақстандағы әр кәсіпкер мемлекеттік кірістер органдарына тұрақты түрде салықтық есептілікті ұсынуға міндетті. Бұл процесс заңнама мен белгіленген мерзімге сәйкес жүргізіледі. Есептілікті тапсыру барысында құжаттарды қатесіз, белгіленген ереже бойынша толтыру қажет. Бүгінде оны электронды түрде де жүзеге асыруға болады.

Төлеген Қабдушев, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

– Кәсіпкердің электрондық цифрлық қолтаңбасы болса, үкімет порталына кіріп, салықтық есептілікті ұсына алады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін жергілікті департаменттің сайтына салық күнтізбесі енгізілген болатын. Онда төлемді қай кезге дейін өтеу керектігі көрсетіледі. Соған қарап, салықты кешіктермей төлеу керек.

Жыл басынан бері солтүстіктегі Мемлекеттік кірістер департаментіне 140 мыңға жуық салық есептілігі келіп түскен. Айта кету қажет, кәсіпкерлер салық есептілігін уақытылы ұсынбаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.

Төлеген Қабдушев, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

– 272-ші баптың 2-ші бөліміне сәйкес салық есептілігін ұсынбағаны үшін жеке тұлғаларға – 15, жеке нотариустар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 45, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Жыл басынан бері облыс аумағында 23 млннан астам сомаға 422 әкімшілік материал жинақталған. Осы ретте Төлеген Қабдушев салықтық есептілікті ұсынуға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда департаменттің 1414 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.

Алтынай Казиканова