Мәдениет

Қызыл Обада музефикациялау жұмыстары жүргізілуде

Бұл – 2019-дағы кадрлар. Алғашқы қазба жұмыстарында тарихи жәдігерлерге молынан кенелдік. Алтын сырға, 1337 жылы соғылған күміс тиындар, құмыра тәріздес қыш ыдыстар мен 5 адамның мәйіті. Тарихшылардың болжамына сәйкес, Қызыл Обада Жошы ханның ұрпағы жерленген. Гипотезаны биыл тарих қойнауынан табылған мұралар фактіге айналдыруда.

Рақат Мәмбеталинов, СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша орталығының директоры:

– Биыл қазба жұмыстарының аумағы өткен жылмен салыстырғанда 300 шаршы метрге кеңейді. Зерттеу барысында ортағасырлық стилобат табылды. Мұнда / киелі мекенге келген халық сиынып, дұға оқытқан. Кірпіштен төселген алаң тек белді, беделді адамдардың мазары алдынан салынатын. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде осындай стилобат бар.

Қасиетті мекенде құрбан да шалынған дейді тарихшылар. Оған стилобаттың дәл алдынан табылған жылқының бас сүйегі дәлел. Сондай-ақ, биыл археологтар қорымда тағы 2 адамның жерленгенін анықтады. Бұл молалардағы қазба жұмыстары кейінге қалдырылып отыр. Себебі, тарихи ескерткішті табу және зерттеу бір бөлек. Оны сол күйі сақтап қалу – басқа әңгіме. Қазба жұмыстарының маусымы аяқталған сайын, археологтар қорымды консервациялап, жауып қояды. Бірақ соның өзінде оны ашып, қайта көмген сайын жәдігерлерге зақым келуі мүмкін. Сондықтан облыстық әкімдіктің бастамасымен Қызыл Обаны бірден музефикациялау туралы шешім қабылданған. Шаруа 30 күн бұрын басталды. Осы аралықта қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп, мамандар іргетасын қалауға кіріскен.

Ринат Кутдусов, Материалдық мәдениет ескерткіштері жобалық және ғылыми-зерттеу институтының директоры, Алматы қаласы:

– Негізгі мақсат – қорымды табиғи-климаттық жағдайлардан қорғау. Солтүстік Қазақстандағы ауа райына байланысты бұл өте маңызды. Музейдің іргетасын тасқын судан қорғайтындай бетоннан құямыз. Ал, жабындысын ұзақ уақытқа шыдас беретін мырыш жалатылған метал конструкциясынан жасаймыз. Қызыл Обаға электр желісі тартылмағандықтан, нысанды табиғи жарықпен қамтуды көздеп отырмыз. Ол үшін үлкен терезелер орнатылады. Ал, кесененің кіреберісін Алтын Орда кезеңіне сай стильде өрнектейміз.

Қорыммен туристердің танысуы үшін нысанның ішінде аспа жолдар орнатылады. Көпірлер арқылы адамдар кесенені жағалай аралап, құнды деректермен таныса алады. Киелі мекенге келіп, дұға оқытамын деген жандар үшін арнайы алаң тұрғызу да жобада қарастырылған. Шаруаны алматылық институт мамандары қыркүйек айының соңында аяқтауды жоспарлап отыр. Мазар толығымен музефикацияланған соң, реставрация бастау алмақ. Жалпы, мекендегі зерттеу мен қазба жұмыстары алдағы 7-8 жылға созылады дейді тарихшылар. Себебі, Қызыл Оба Уәлиханов ауданындағы Алтын Орда кезеңінен қалған жалғыз ескерткіш емес. Мұнда барлығы 7 қорым орын тепкен.

Жанболат Қазанбаев, Материалдық мәдениет ескерткіштері жобалық және ғылыми-зерттеу институтының археологы:

– Бұл – үлкен қауым. Атпен жүріп өтетін бір күндік жердің ара қашықтығын 40 шақырым деп есептеген. Яғни, осы аумақта солардың порт-фост, төрткіл деген сияқты кішігірім қалашықтары болуы керек. Себебі, мынандай қауым болғаннан кейін міндетті түрде олардың отырықшылық базасы болған.

Бұл – бір. Қызыл оба қорым ғана емес, қалашық деген пайымды тағы бірнеше факті дәлелдеуде. Мазарларды тұрғызуда пайдаланылған күйдірілген кірпіш жақын маңда жасалған. Себебі, мұндай көлемде материалды басқа жақтан жеткізу мүмкін емес. Үшіншіден, қазба жұмыстары барысында құмыра тәріздес қыш ыдыстар табылды. Яғни, елді мекендіктер суармалы егіншілікпен айналысқан. Келесі жылы археологтар осы қалашықтың жұрнақтарын әрмен қарай зерттейтін болады.

Досбол Әбдірейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Оқу басталмас бұрын, біз тарихшыларды шақыртып, семинар өткіземіз. Оқу жылы басталғанда студенттер мен оқушыларды да тартатын боламыз. Экскурсия және практикалық сабақ болады. Мекеннің маңыздылығын өз көздерімен көрсін деген ниетте тартатын боламыз.

Өңірдегі музефикациялау жұмыстары тек Қызыл Обамен шектелмейді. Дәл осындай шаруа Шал ақын ауданына қарасты сақ пен скифтердің Байқара кешені мен Қызылжар ауданындағы Ақ-Ирий сақтардың қалашығында да жүргізу көзделіп отыр. Аталған іске республикалық бюджеттен жалпы сомасы 202 млн теңге қарастырылған.

Эльмира Садвокасова