Өнеркәсіп

Солтүстік фанер комбинаты толық қуатқа көшті

Қалдықсыз өндіріс. Солтүстік фанер комбинатының ұстанатын басты қағидасы – осы. Өндіріс ошағы ағымдағы жылдың қаңтарында іске қосылды. Кәсіпорын құрылысқа аса қажет материалды дайындайды. Фанерді серіктестік мамандары жергілікті қайыңнан жасайды. Айтуларынша, оның тығыздығы басқа өңірлердің ағаштарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Алайда, тұрғындарға жасыл желектерді ойлап, уайымдаудың қажеті жоқ. Шикізат тек санитарлық тазалау жүргізілген орманнан жеткізіледі.

Жеткізілген ағашты қысқы уақытта міндетті түрде буландыру керек. Дәл осындай процесстен тым құрғақ жазғы жасыл желектер де өтеді. Кейін қайың станокқа жөнелтіліп, қалыңдығы 1,5 мм болатын шпонға айналады. Өте жұқа кесілген материал 11 рет қабатталып, 180 градустық пеште желімделеді. Суық пресс, ыстық пресстен өтіп, ламинатталады, қажет көлемде кесіледі. Күннің соңында дайын өнім шығарылады. Ал, ағаш қабығы мен өңделмеген шпон пешке жіберіледі. Яғни, бастапқы жасыл желектен мүлдем қалдық қалмайды.

Айваз Бакиров, «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС директорының орынбасары:

– Біздің фанерді импортталған баламасымен салыстыруға келмейді. Сапасы жағынан – әлдеқайда жоғары. Мұндай берік өнімді алу үшін біз неміс ламинатын, ресейдің шайырын қолданамыз. Қондырғыларды Германия, Түркия мен Таяу Шығыс елдерінен алдырттық. Алдағы уақытта өндіріс ошағының қуаттылығын арттырмақ ойымыз бар. Жыл соңына қарай тағы станоктарға тапсырыс береміз.

Солтүстік фанер комбинатында 150 адам екі қолға бір күрекпен қамтылған. Қондырғылар автоматтандырылғандықтан, станок тілін еңбеккерлер тез меңгеріпті. Мысалы, Александр Герман үшін оқыту қиындық тудырмады. Азамат осыған дейін сүт зауытында жұмыс істеген.

Александр Герман, «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС тауар сапасын бақылау инженері:

– Жұмыс қиын емес. Бастысы процессті түсініп алу қажет. Мен шпонның өлшемі, қалыңдығы мен ылғалдылығын тексеруге жауаптымын. Егер жарамсыздық байқалып жатса, материалды өндірістен алып тастаймыз.

Өндіріс ошағында айына 1200 текше метр ламинатталған фанер шығарылады. Жұмыс қуаттылығы артқаннан кейін кәсіпорын отандық құрылыс компаниялары сұранысының 50-60 пайызын қанағаттандыратын болады. Бүгінде бұл көрсеткіш 30 процентті құрайды. Комбинат қазақстандық нарықпен шектеліп қалмақ емес. Қазір Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде. Алдағы уақытта фанерді дәл осы мемлекеттерге экспорттау көзделген.

Эльмира Садвокасова