Білім

Сабақтың ұзақтығы қайтадан 45 минут болады

Мектептегі сабақ ұзақтығы қайтадан 45 минут болмақ! Бұл жайлы үкімет отырысында еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, оқу жылы дәстүрлі түрде қыркүйектің бірінші жұлдызында басталады. Яғни, ұл-қыздар онлайн емес, штатты режимде білім алады. Биыл “Алғашқы қоңырау” салтанаты тек 1-ші сынып оқушылары үшін ұйымдастырылмақ. Іс-шара мектеп аумағында өтеді. Ал, 2-ші мен 11-ші сынып аралығындағы шәкірттерге арнайы бекітілген кабинеттерде сынып сағаттары өткізіледі. Оқушы формасы бойынша талаптар сақталады. Бірақ, мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен де келуге рұқсат етіледі. Жиында Асхат Аймағамбетов санитариялық-эпидемиологиялық шаралар жайлы да сөз қозғады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Барлық білім беру ұйымдарында білім алушылар мен қызметкерлерге маска кию міндетті болады. Күнделікті термометрия, желдету, кварцтау, дезинфекция шаралар өткізіледі. Нысанға «Ashyq» жүйесі арқылы кіргізіледі. 18 жастан асқан студенттерді, мұғалімдерді және басқа қызметкерлерді 100% вакциналау жұмыстары жалғастырылады.

Байболат Култанов