COVID-19: Қазақстан

Коронавирусты балалар жиі жұқтыра бастады

Айта-айта жауыр болған мәселе. Ел бойынша індет әлі де өршіп тұр. Аты жаман дерт тыныс алу жүйесін ғана емес, асқазан, ішек жолдарының және жүйке жүйесінің бұзылуына әкеп соқтыруда. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың сөзінше, қазіргі таңда дәрігердің көмегіне орта және ауыр жағдайдағы науқастар жиі жүгінуде.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Олардың көбісі өкпеге оттеге беретін қосымша ақпараттарды қажет етеді. Пациенттердің басым бөлігі – екпе алмағандар және санитарлық талапты елемеген адамдар. Қазіргі таңда жан сақтау бөлімінде 343 науқас жатыр. Оның ішінде 55 адам өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Тілге тиек етілген деректердің барлығы – Нұр-Сұлтан қаласы бойынша. Бас қаламызда соңғы уақытта ересектерден бөлек, тәж вирусын балалардың да көптеп жұқтыра бастағаны байқалады. Инфекцияға шалдыққандардың басым бөлігінде ауру симптомдары айқын көрінеді екен.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда оң нәтижесі бар 74 бала стационарда ем қабылдауда. Оның ішінде – 7 бала ауыр жағдайда. Өткен тәулікте 12 ұл-қыз ауруханаға келіп түсті. Амбулаториялық түрде 834 балғын ем қабылдап жатыр. Реанимация бөлімшесінде қазір балалар жоқ.

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 10 мыңнан астам балғын сырқаттанған. “Ұл-қыздарға індет вакцина алмаған ата-аналарынан, туған-туыстарынан жұққан”,- дейді Тимур Мұратов. Еске сала кетейік, жаңа оқу жылында ұл-қыздар дәстүрлі форматта оқиды. Осы ретте отандық оқушыларға “Файзер” екпесі салынуы мүмкін деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас?

Марал Рахымжанова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

– Бүгінгі кезде ондай шешім әлі қабылданбады. Балаларға екпе қалай қойылатыны вакцина елімізге келгеннен кейін хабарлайтын боламыз. Бүгінгі күні балаларға басқа да вакциналар салынып жатыр. “Файзер” вакцинасы сол тәртіппен қойылатын болады. Информированное согласие деген бар. Сол бойынша “Файзер” вакцинасы қабылданады деп ойлаймын. Балаларға қалай салынады, алгоритмі, ережелері екпе келгеннен кейін белгілі болады.

Жалпы, балаларға қойылатын екпе жайлы нақты айту әлі қиындау. Барлығы – уақыттың еншісінде.

Алтынай Казиканова