Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық жайы пысықталды

Өңірімізде 1300-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің жылыту желісін жуып-шаю қажет. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, қазір маңызды шаруа қызу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін істің 56 пайызы тындырылыпты. Өзге де бағыттар ұмыт қалмаған.

Бақыт Ілиясов, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– «Петропавл жылыту желілері» серіктестігінде 12 қазандық бар. Оның 4-еуінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта тағы 5 агрегатты қалыпқа келтіретін боламыз. Сонымен қатар, 7 турбинаның 5-еуі жөнделді. Кәсіпорын қоймасында 103 мың тонна көмір мен 726 тонна мазут бар. Жалпы, биылғы жылы жылыту маусымына дайындалу үшін 1 млрд 81 млн теңге бағытталды.

Бұл қаржыға өңірімізде жаңа электр, су, жылу желілері мен кәріз құбырлары тартылып, ескілері жөндеуден өткен. Әлеуметтік нысандардың әзірлігіне келейік. Бүгінде облыста 600-ден аса білім беру мекемесі бар. Бүгінде олардың 90 пайызында қысқа дайындық жұмыстары аяқталыпты. Қалған іс қыркүйектің 20-шы жұлдызына дейін атқарылуы қажет. Ендігі кезекте – көпқабатты тұрғын үйлер.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылы кейбір көпқабатты үйлерде температура төмен болды. Оның 3 себебі бар. Үйлерде қысқа дайындық жұмыстары толық жүргізілмеген, көпқабатты үйлердегі ішкі жүйелер өзгертілген және түрлі апаттар орын алған.

Тұрғындар жаз мезгілінде баспанадағы жылыту желілерін дұрыс тексермегендіктен түрлі апаттар орын алады дейді қала әкімі Болат Жұмабеков. Мәселен, құбырлар жөнді жамалмаса тесіліп, қыс ортасында қиындық тудыруы мүмкін. Бұған статистика дәлел. Былтыр әкімдікке 167 өтініш түскен екен. Олардың 60-қа жуығы – сапалы дайындық жүргізілмегендіктен туындаған апаттар.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Тұрғындардың көбі қос-қостан үй сатып алып, олардың жылыту желілерін бір-біріне байланыстырмақшы болады. Осылайша, теңгерімді түгел бұзып жібереді. Яғни, екі баспананың жылу батареяларын өздігінше жалғап, басқа пәтерлердегі қысымды азайтып тастайды. Былтыр сондай 99 жағдай тіркелді. Қазір осы тұрғындармен кездесіп, мәселені ретке келтіріп жатырмыз.

Биыл солтүстікқазақстандықтарға 391 мың тонна көмір қажет екен. Қауырт маусымға дайындық басталғаннан бері өңірге 94 мың тонна қара отын жеткізіліпті. Бұл ретте аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне тұрғындарды көмірмен уақытылы қамту жөнінде тапсырма берді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дұрыс дайындалмағандықтан қыс мезгілінде көптеген мәселелер туындап жатады. Сол себепті жұмысты уақытылы жүргізу қажет. Жазды тиімді пайдалану керек. Ал, аудан әкімдері халықты көмірмен қамту шараларын дұрыстап қолға алсын. Және оны жеткізу қызметіне жұмсалатын қаражатты дәл есептесін, тасымалдаушылар берілген қаржының үстінен ақша қосып жүрмесін.

Аудандардағы пешпен жылытылатын көпқабатты үйлер орталыққа қосылуда. Мәселен, қазір Ғабит Мүсірепов ауданының Новоишимка ауылда жаңа қазандық тұрғызылып жатыр. Ол іске қосылысымен 29 баспанаға жылу жетеді. Болашақта тағы 57 пәтерді орталықтан жылыту жоспарда бар екен.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жылыту маусымының басталуына 2 айдай уақыт қалды. Жыл сайын жазда дайындық жұмыстары өткізіледі. Бүгінгі күні облыста жөндеу жұмыстары желілер мен жабдықтарды жаңғырту жөніндегі шаруалар жүріп жатыр.

Ал, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жер үйде тұрып жатқан азаматтарға баспанадағы электр желісін тексеруге кеңес береді. Сонымен қатар, мұржаларды тазалап, үйдегі пешті жөндеу қажет дейді.

Бердимурат Баймухан