Ауыл шаруашылығы

Қостанайлық делегацияның жұмыс сапары

11Қостанайлық делегация алдымен Аққайың ауданындағы «Иван Зенченко» серіктестігіне ат басын бұрды. Бас зоотехник меймандарды қожалықпен таныстырып, барлығын жіті түсіндіріп шықты. Мұнда жалпы саны 2600 бас ірі қар бар. Оның 520-сы – сауынды сиыр. Тұяқтылардың барлығы Германиядан әкелінген, симментал тұқымына жатады. Оларға күніне 2 рет жем-шөп беріледі.

Нұргүл Жүнісова, «Иван Зенченко» ЖШС бас зоотехнигі, Аққайың ауданы:

– Рационға сүрлем мен пішендеме кіреді. «Мустанг» компаниясы мәзірді әзірлеп, әрдайым тексеріп отырады. Сол бойынша ірі қараларды күніне 2 рет азықтандырамыз. Барлық өнім – өзіміздікі. Тек минералды дәрумендерді сатып аламыз. Жалпы, серіктестікте 30-дан астам қызметкер еңбек етеді. Оның 4-еуі – ветеринар.

Сондай-ақ, шаруа қожалығында 3 сауыншы еңбек етеді. Техниканың барлығы автоматтандырылғандықтан қызметкерлер тек іс барысын бақылап тұрады. Сапалы күтімнің арқасында 1 бастың өзі күніне 30 литр сүт береді. Барлық сиырдан тәулігіне тура осынша тонна ақ алынады. Өнім көлемі мол болғандықтандықтан, артылғаны 800 бас бұзауға беріледі.

Көршілес өңірден келген қонақтардың барлығы ферманың жұмысына таңдана қарады. Әсіресе, мұндағы заманауи технологиялар көңілдерінен шықты. Қостанайлық Григол Капанадзе жуық арада сүт-тауарлы кешен ашпақшы. Азамат жергілікті серіктестіктің жұмыс механизмін өз кәсіпорнына енгізгісі келеді екен.

Григол Капанадзе, «Капанадзе» ШҚ басшысы, Қостанай облысы:

– Мал шаруашылығымен 2015-ші жылдан бері айналысып келемін. Алдағы уақытта сүтті бағытты қолға алмақпын. Былтыр Австриядан 50 бас симментал тұқымды ірі қара сатып алдым. Қазан айында кешеннің құрылысы аяқталып, іске кіріспекпіз. Өңірлеріңізге жасалған сапар өзіме ұнады. Біраз тәжірибе жинақтадым.

Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық. Теріскей өңіріне Қостанай облысынан 13 адам келді. Олар: басқарма, ұйым басшылары, 3 аудан әкімі мен шаруа қожалықтарының директорлары. Меймандардың басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласында өзара тәжірибе алмасу.

Тимур Бисимбаев, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласы белсенді түрде дамып келеді. Соңғы жылдарға анализ жасадық. Сонда жергілікті әріптестеріміздің біраз жетістіктерге қол жеткізгенін аңғардық. Атап айтсақ, осында 13 заманауи сүт-тауарлы кешен бой көтерген. Соларды өз көзімізбен көріп, сала өкілдерімен жақынырақ пікір алмасқымыз келді.

Ал, Біржан Шаймерденовтың егіс алқабында қызу жұмыс жүріп жатыр. Диқандар жаз бойы күтіп-баптаған жүгеріні жинауға білек сыбана кірісіп кеткен. Қостанайлық меймандар бұл жақта да болды. Егу технологиясы, күтім жайлы сұрады.

Азамат Сағындықов, «Дайындық-Агро» ЖШС бас агрономы, Аққайың ауданы:

– Жүгерінің тұқымын алматылық «Будан» серіктестігінен сатып аламыз. Басқа да сорттарды салыстырып көрдік, ең тиімдісі осы болды. Алдымызда жүгері – “Каз-ЗП 200”. “Фау – 200”. Одан үлкені мұндай нәтиже бермейді. “Форма высева” – гектарына 60 мың тұқым.

Аққайыңдық Біржан Шаймерденов өсімдік шаруашылығымен қатар, сүт-тауарлы кешенді де басқаратыны мәлім. Заманауи кешен 1200 ірі қараға шақталған. Қазір мұнда 800 сиыр бар.

Серік Тілеуленов, «Шаймерденов Б.А» ШҚ бас зоотехнигі, Аққайың ауданы:

– 2019-шы жылдың сәуірінде симментал тұқымды ірі қара әкелінді. Бір бас қара мал күніне 21 литр сүт береді. Көрсеткішті бұдан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз. Сауын аппараттары – германдық қондырғылар. Алынған сүт «МаслоДел» серіктестігіне тапсырылады. Жалпы, қожалықта 30 адам еңбек етеді.

Келушілер Аққайың ауданындағы сүт-тауарлы кешендерімен танысып болған соң, Дайындық ауылына барды. Мұнда қонақтарды әлеуметтік жауапкершілігі жоғары аграрий Біржан Шаймерденов қарсы алып, елді мекеннің қалай өзгергенін баяндады. Айтуынша, 95-жылы 28 үй болыпты. Бүгінде ескілері бұзылып, орнына жаңадан баспана салынып, саны 70-ке жеткен.

Біржан Шаймерденов, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Ауылға келгеннен кейін мешіт пен фельдшерлік-акушерлік қосын салдық. Клубты жөндедік. Мынау мектепті екінші рет ремонттадық. Тұрғындарға керекті жағдайдың бәрі жасалды деп ойлаймын. Балалар мектепке роликпен келеді. Көшеден зырылдап келіп, мына жерде қолдарына ұстап алатын. Биыл соларға арнап жол салып қойдық.

Жалпы, Дайындықтағы ағайынның тұрмысы жаман емес. Атқаратын шаруа әлі де жетерлік. Қостанай облысынан келген меймандар барлығымен мұқият танысып, жергілікті қожалықтардың жұмысына зор баға берді, қызығушылық танытты. Жас кәсіпкер Данияр Мирасов солтүстікке жасалған сапардан біраз дүние ұққанын айтады. 2 бірдей агроқұрылым басқаратын ол: «Әріптестермен тәжірибе алмасқан – өте маңызды»,-дейді.

Данияр Мирасов, «Надежда» ЖШС директоры, Қостанай облысы:

– Бүгінгі сапарымыз бізді одан сайын жігерлендірді деп айтсам артық болмас. Болашақта 1000 басқа арналған сүт-тауарлы кешеннің құрылысын жоспарлап отырмыз. Сол кезде теріскейлік мамандар қолданылатын озық технологияларды пайдалану ойда бар.

Айта кеткен жөн, бүгінде өлкемізде ауыл шаруашылығы бағытында ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылуда. Жоспар да ауқымды.

Мейрам Меңдібаев, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Құмар Іргебайұлы келісімен көп шаруа атқарылды. 3 жыл ішінде 12 ферма бой көтерді. Осы жылы тағы 16 нысан салынуда. Соның 10-ы жақында қолданысқа беріледі.

Көрші облыстардан келетін қонақтарға жерлестеріміздің құшағы әрдайым ашық. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Алтынай Казиканова