МТРА жаңалықтарыТКШ

Келесі жылы ПИК жұмысын тоқтатады

“Лесная 3А” мекенжайы бойынша орналасқан мына көпқабатты үйде жылыту құбырларын жуып-шаю жұмыстары күні кеше ғана аяқталыпты. Маңызды іске «Янтарь» тұтынушы копперативі жауапты.

Ольга Коновалова, «Янтарь» ТК төрайымы:

– Жылда тамыз айының басында су және жылыту құбырларын тексерістен өткіземіз. Ескіргендерін ауыстырып, есептеуіштің жұмысын бақылаймыз. Кеше желілерді жуып-шайып, арнайы паспорт алуға өтінім жаздық. Бүгін немесе ертең құжатқа қол жеткіземіз.

Тұрғындар қысқа сақадай-сай деуге болады. Алайда қалалықтарды алаңдатып отырған басқа жайт. Былтыр ғана төселген асфальттың сапасы сын көтермейді. Салдарынан көктемде еріген қар суы жертөлеге ағып, біраз уақыт кеппей тұрады екен. Мәселе қалалық әкімдіктегі мамандардың құлағына жетіпті. Бірақ, жөндеу жұмыстарының қашан жүргізілетіндігі белгісіз. Бұл түйткіл шешімін тапқанша тұрғындар мүлік иелері бірлестігінің жайын талқылап жатыр.

Ольга Коновалова, «Янтарь» ТК төрайымы:

– Тұрғындардың бірі жаңашылдықты қолдап жатса, екіншісі қарсы шығуда. Себебі, жаңа жобада ескерілмей қалған жайттар көп. Мәселен, ауқымды жөндеуге мемлекет көмектессе, ұсақ-түйек жұмыстар назарсыз қалып қояйын деп тұр. Ауланы күтіп-баптау, қоршауларды бояу жұмыстарын жүргізетін жандарды бақылайтын ешкім болмайды. Мұны білген кей қызметкерлер іске жүрдім-бардым қарап, сапасыз орындауы мүмкін.

Ал бұған қалалық пәтер иелері копперативі қауымдастығының төрағасы Сергей Худяковтың өз жауабы бар. Айтуынша, кей ПИК төрайымдары өздеріне жүктелген жұмысты мінсіз орындап жүрсе, басқалары бей-жай қарайды. Тұрғындардан жөндеуге деп жиналған ақшаны қалтасына басып жүргендер де бар көрінеді.

Сергей Худяков, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:

– Кей ПИК басшылары жөндеуге деп ақшаны алады да, өздері қалағандай жұмсайды. Не арнайы құжат, не түбіртекті көрсетпейді. Осындайды мәселені айтып, наразылықтарын білдіруші тұрғындардың саны артуда. Дау-дамайды “Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот” принципіне сай етіп шешуді жөн көрдік. Енді қалыпқа келтіруге кететін қаражаттың барлығы мелекеттік сайтта көрсетілетін болады.

Бірлестік құрылса тағы қандай өзгерістер орын алады? Енді осыған тоқталып өтсек. Жаңашылдыққа сәйкес, баспананың жөндеу жұмыстарына тұрғындардың өздері жауап беретін болады. Пәтер иелері кооперативтері бұрынғыдай әр үйдің есігін қағып, ақша жинамайды. Қалыпқа келтіру жұмыстарына мемлекет көмектеседі. Бірақ, берешекті белгілі бір уақыт аралығында қайтарып отыру керек. Мүлік иелері бірлестігінің жұмысы келесі жылдың 1 шілдесінен бастап ресми күшіне енеді. Осылайша облыс орталығында орналасқан көпқабатты 1086 үйдің барлығы жаңа жүйеге қосылады.

Маржан Касымбек