Құқық қорғау органдары

«Балалар профилактикасы және бақылау» акциясы

Вокзал, Уют пен Косогор. Қазір қалалық полиция басқармасының қызметкерлері шаһардың аталған аудандарын аралап, тұрмысы төмен отбасылармен жүздесуде. Кездесу барысында тәртіп сақшылары мен еріктілер тұрғындардың жағдайын біліп, балаларды қылмыскерлерден қалай қорғау керек екені жөнінде түсініктеме береді.

«Балалар профилактикасы және бақылау» акциясы аясында ұйымдастырылған кездесу тек түсініктемемен шектелмейді. Полицейлер кәмелетке толмаған ұл-қыздарды жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға мектепке арналған құрал-жабдықтар мен азық-түлік үлестіреді.

Айгүл Кәрімова, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы:

– Ата-аналарға беретін кеңесіміз – балаларыңызға жақсы көңіл бөлсеңіздер, аулада жүрген кезде қауіпсіздік шараларын түсіндірсеңіздер. Балалар бейтаныс адамдарға жақындамау және бөтен көліктерге отырмаулары қажет.

Жалпы, «Балалар профилактикасы және бақылау» акциясы өңірімізде 5-ші тамыздан өтіп жатыр. Содан бері облыс полицейлері тұрғылықты мекенжайлары бойынша 2170-тен астам есепте тұрған адамды тексеріпті. Оның 228-і – шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, 431-і – бұрын сотталғандар, 378-і – тұрмысы төмен отбасылар. Нәтижесінде арнайы санаттағы тұрғындар тарапынан жасалған 24 бұзушылық анықталып, 50 заңды өкіл әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Олардың барлығы – кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағандар. «Балалар профилактикасы және бақылау» акциясы 13-ші тамызға дейін жалғасады.

Байболат Култанов