Білім

Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған сабақ

Нұрислам Мұратай биыл 6-шы сыныпқа көшті. Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы білімін толықтыру үшін жазғы мектепке жазылыпты. Ол қатарластарымен бірге әдебиет сабағында қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығымен тереңірек танысып жатыр. Бүгінгі тақырып ұлы ұстазға бекерден-бекер арналмаған. Биыл “Кел, балалар, оқылық” деп ұл-қыздарды білім алуға шақырған ғұламаның туғанына – 180 жыл.

Нұрислам Мұратай, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Өзіме математика мен әдебиет пәні ұнайды. Жазғы демалыста қосымша сабақтарға келіп жүрміз. Бұл жерде біз жіберген олқылықтарымызды түзейміз. Бүгінгі сабақтан қалай еңбек ету керектігін және тәрбие жөнінде біраз ақпарат алдым.

Ұлы Абайдың есімі берілген оқу ошағындағы жазғы мектепке 200-ге тарта ұл-қыз келіп жүр. Олар – 2-ші мен 11-ші сынып аралығындағы оқушылар. Білім ұясында қолға алынған бастама бұл ғана емес. Мұнда Балақайлар мектебі де жұмыс істейді. Онда 1-ші сыныпқа баратын балалар тәлім алады. Ұлағатты ұстаздардан әріп таниды, жазып үйренеді.

Маржан Сералина, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы оқу ісінің меңгерушісі:

– Балақайлар мектебінде бастауыш сынып мұғалімдері 3 топпен жұмыс жасауда. Барлық санитарлық талаптар сақталуда. Әрбір топ жекеленген кабинеттерде оқып жатыр. Бүгінгі таңда 31 мұғалім оқушылармен жұмыс жасауда. Икемді сабақ кестесі құрылып, негізгі пәндер өткізілуде.

Жалпы, бұл оқу ұясындағы жазғы және Балақайлар мектебі тамыздың 22-не дейін жұмыс жасамақ. Ал, 1-ші қыркүйектен бастап мыңнан астам оқушы мектеп партасына жайғаспақ.

Алдияр Айтпаев