Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі вакцина қойдырды

Өңір басшысы коронавирусқа қарсы екпені қалалық №3 емханада алды. Осыдан алты ай бұрын вирус жұқтырып ауырған ол, екпе алатын уақыт енді келді дейді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көктемде коронавируспен ауырып шықтым. Уақыт өтті. Енді дәрігерлер вакцина алу керек деп талап етіп отыр. Сондықтан өзім де, бала-шағам, жұбайым келіп осында вакцина алатын болады. Басқа амал жоқ. Осы індетті тоқтату үшін вакцина алу керекпіз. Сондықтан барлық жерлестерді вакцина алуға шақырамын.

Облыс әкімі Ресейдің «Спутник V» вакцинасын алды. Қазіргі таңда облыста «Хayat-Vax» және «QazVac» вакциналары таусылған. Ал, «Pfizer» екпесі елге тек күзде жеткізілмек. Жалпы облыс бойынша осы күнге дейін 19 116 тұрғын коронавирус жұқтырған. Инфекциалық стационарларда бүгінде 842 адам ем-дом алуда. 54 науқастың жағдайы – ауыр.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:

– Еске саламыз, өңір әлі де «қызыл аймақта». Сондықтан қауіптің бетін сейілту және халықтың жалпы иммунитетін қалыптастыру мақсатында вакцинациялау жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін облыста 204 375 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған. Ал, екінші компоненті 165 253 адамға егіліпті. Айта өту керек, облыс бойынша 100-ден астам екпе егу пункті жұмыс істеп тұр. Одан бөлек жылжымалы пункттер де қарастырылған.

Байболат Култанов