Бизнес және экономика

Кәсіпкердің шағымы

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуді тоқтатсын.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеру мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий жариялады. Мемлекет басшысы мұны – бизнесті дамытып, кәсіпкерлердің емін-еркін жұмыс істеуі үшін қолға алынған шара деп түсіндірді. Президент берген бұйрыққа қарамастан бүгінде мемлекеттік органдар мен іскер жандар арасында дау-дамай туындап жатыр. Соның бірі жергілікті «СевСтройНадзор» серіктестігіне қатысты.

Олег Хрупин, «СевСтройНадзор» ЖШС өкілі:

– Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңеске бірнеше рет жүгіндік. Басты мақсатымыз – әділдікке қол жеткізу. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы бізді заңсыз тексерді деп ойлаймыз. Аталған басқарма бізге дейін өзге іскер жандарды да тексергенін айта кету қажет. Оның нәтижесінде бизнесмендер жауапкершілікке тартылды.

Мораторий уақытында тексеріс жүргізуге болады. Егер қандай да бір ұйымның жұмысы адамдардың өмірі мен денсаулығына жаппай қауіп төндірсе ғана. Бірақ, бұған сараптамалық мекеменің қандай қатысы бар екендігін түсінбедік дейді «СевСтройНадзор» серіктестігінің өкілдері. Мәселе тудырған жайт та – осы.

Инесса Қуанова, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы:

– Мәселенің мән-жайын толық білмекші болып Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының өкілдерін отырысқа шақырдық. Бірақ, олар жиынға келмеді, бүгінге дейін бірде-бір құжат көрсетпеді. Тек Кұқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет басқармасының қызметкерлері келіп, тексерістің тіркелгенін және рұқсатпен жүргізілді деді. Құжатты сұрасақ, көрсете алмаймыз деді.

Сондай-ақ, жиында Кұқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет басқармасының өкілдері белгілі бір жерде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер электрлік сымын балалар ойын алаңқайы үстінен өткізді деген екен. Мұнымен де сараптамалық ұйым қызметкерлері келіспей отыр. Мәселенің нүктесін қою үшін кәсіпкерлер палатасы жауапты мекемеге хат жолдапты. Нақты шешім сол хаттың жауабы бойынша қабылданбақ.

Бердимурат Баймухан