Екі бірдей бизнес идеяны жүзеге асырған кәсіпкер

Бизнес және экономика

22:30 10 Тамыз 2021

Жеңіл әрі жылдам. М.Жұмабаев ауданының тұрғындарына отын жару оп-оңай шаруаға айналды. Жергілікті жұртшылыққа кәсіпкер Станислав Кривинцов жәрдемдеседі.

Станислав Кривинцов, кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:

– 2 жыл бұрын жергілікті кәсіпкерлер палатасына жүгіндім. “Жас кәсіпкер” жобасына жазылып, бизнес жүргізудің қыр-сырын үйрендім. Нәтижесінде 505 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болдым. Қаражатқа гидравликалық отын жарғыш сатып алдым.

Заман игілігі әдетте 5 күн уақытынды алатын жұмысты бірнеше сағаттың ішінде тындырып береді. Бір көлік отынды жаруға кәсіпкер 10 мың теңге сұрайды. Қызмет түрі Булаево мен жақын маңдағы елді мекендер арасында аса танымал. Сұраныс өскендіктен іскер азамат тағы 4 бірдей қондырғы сатып алған.

Иван Лелюх, Медвежка селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Бұл қызмет туралы өткен жылы газеттегі хабарландырудан оқыдым. Алайда, былтыр Булаево қаласындағы жұмысы көп болды. Сондықтан, отын жарып жүрген жастардың көмегіне жүгіндім. Ал, биыл Станиславтың қызметін пайдаланудамын. Өткенде 1 көлік отынымды жарып берді. Шаруаны өте тез әрі сапалы атқарды. Бүгін тағы шақырдым.

Жас та болса, бас болған азамат бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мамандарының бірі қысы-жазы инкубатор жасаумен айналысады. Бұл – Станислав Кривинцовтың екінші кәсібі. Идеясын іскер жан өткен жылы сәтті қорғап, “Бизнестің жол картасы бағдарламасы” аясында 5 миллион теңге қайтарымсыз грант иеленіпті. Қаражатты инкубатор істеуге қажет қондырғыларды сатып алуға жұмсаған.

Станислав Кривинцов, кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:

– Инкубатор жасаумен 5 жылдай айналысып келемін. Бұл – ескі үлгілерінің бірі. Көріп тұрғандарыңыздай барлығы қолдан жасалған. Өткен жылғы гранттың арқасында қондырғының сапасын жақсарттым. Сыйымдылығы бойынша инкубаторлардың 3 түрі бар. Кішісі – 500, орташасы – 1500, үлкені – 3000 жұмыртқаға арналған. Кез келген құсты шығаруға болады.

Инкубаторларға деген сұраныс та аз емес. Клиенттердің дені “Бастау” жобасын бітірген іскер жандар екен. Қызығушылықты жеке қосалқы шаруашылығы бар тұрғындар да білдіруде. Ауылдағы ағайынға арнап кәсіпкер алдағы уақытта сыйымдылығы 100 жұмыртқаны құрайтын қондырғының кішігірім түрін жасап, сатпақ ниетте.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Әйелдер колониясында тігін цехі ашылды
А.Исаков: “Семейный” “Магнумға” айналады