ТЖ

Балалар қауіпсіздігі

Жағажайда масаң күйде демалу, рұқсат етілмеген жерде шомылу, су айдындарында немесе орманда балаларды қараусыз қалдыру – бұл орны толмас қайғыға әкеп соқтыруы мүмкін негізгі факторлар. Осыны Есіл өзеніне және Пестрое көліне ат басын бұрған ағайынға арнайы топ өкілдері түсіндіріп жүр. Қолдарында жұртшылыққа таратылатын жаднама қағаздар да бар. Онда ересектердің табиғат аясында кәмелет жасына толмағандармен үнемі бірге жүруі, смартфонға аса көңіл бөле бермей, айналаны бақылауда ұстау қажеттігі жазылған.

Даниэль Саркисян, қалалық ТЖ басқармасының аға инженері:

– Өкінішке қарай, шомылу маусымы бастау алған 1-ші маусымнан бері Петропавл қаласы маңындағы өзен-көлдерде адамдардың қаза табу және балаларды жалғыз қалдыру фактілері тіркелді. Мұндай жағдайлар көбінесе демалыс орындарында спирттік ішімдіктерді шамадан тыс ішуден орын алады. Сондай-ақ, қайғылы жайттарға адам бойындағы сенімділік те алып келеді. Әр тұрғын осыны ескеруі қажет. Бүгін қызметкерлер 300 жуық демалушымен тілдесіп, қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.

Осыған ұқсас жұмысты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар облыс орталығындағы аулаларда, саябақтарда да жүргізді. Яғни, мұнда мамандар ұл-қыздармен, ата-аналармен кездесіп, көшедегі, су айдындарындағы ережелерді жіпке тізді. Жаднама қағаздар таратылды.

Байболат Култанов